Шала туылған бір сәбиге 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді

Шала туылған бір сәбиге 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Халықаралық шала туылған нәрестелер» күні. Статистикаға сүйенсек, бір жылда әлем бойынша, айы-күні жетпей дүниеге келетін сәбилер саны 15 миллионға жуық. Ерекше күтім қажет ететін шақалақтарды қалай күтіп-баптайды?

Кішкентай Алина бір үйдің жалғыз қызы. Ол жеті жыл бұрын қалалық перинаталды орталықта дүниеге келген. Алты айлық шала туылған шақалақтың салмағы 886 грамм, бойы 33 сантиметр ғана болған. Дәрігерлер сәбидің өмірін сақтап қалу үшін 2 ай тер төкті. Бүгінде ол гимназияның озат оқушыларының бірі.

«2008 жылы дәрігер айтқан мерзімге 3 ай жетпей босанып қойдым. Қаламыздың перинаталды орталығында 2 ай дәрігерлердің бақылауында жаттық. Оларға үлкен рақмет, қызымды аман алып қалу үшін қолдарынан келгенін аямады. Күніне 30 граммнан салмақ қосып отырдық», - деді шала туылған сәбидің анасы Вероника ВЕСЕЛЬСКАЯ.

Аталмыш перзентхана салмағы 500 граммнан асатын шала туылған шақалақтарды күтіп-баптауды 2005 жылдан бастап қолға алған. Бір жылда бұл орталықта 8000 сәби дүниеге келсе, оның 1200-і шала туылғандар. Салмағы 1500 граммға жетпей туылған сәбиге ерекше күтім керек.

Шала туылған нәрестелерді арнайы құрылғылардың ішінде өсіреді. Бұл жерде белгілі бір температура мен ылғалдылық сақталған. Айы-күні жетпей туылған нәресте үшін бұл өте маңызды. Өйткені шақалақ бұл жерде өзін анасының құрсағында жатқандай сезінеді.

«Біздің реанимация бөлімінде 18 орын бар. Қазіргі кезде 15 бала жатыр. Ал, балаларға қарайтын дәл қазір 4 дәрігер бар және 6 медбике қарайды. Олардан бөлек санитаркаларымыз бар, олар да бізге үлкен көмек көрсетеді», - деді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Айнұр ӘЛІПБАЙҚЫЗЫ.

Шалабайлар өздігінен тыныс алуды үйренгенге дейін арнайы кувезде жатады. Мұндай сәбилерді ана сүтімен арнайы шолғы арқылы, 3 сағатта бір рет тамақтандырады.

«Соңғы он айда 361 сәби шала туылды. Олар өздігінен тыныс ала алмайды. Сондықтан реанимация бөлімінде жатады. Жетіліп шыққан соң да дәрігердің бақылауында болуы керек. Өйткені шалабайлардың басым бөлігі көз ауруларына шалдыққыш келеді», - деді Алматы қаласы перинатальды орталықтың неонаталдық қызмет бөлімі директорының орынбасары Наиля ХАЙРУЛЛИНА.

Мемлекет тарапынан шала туылған бір сәбиге 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Ал, егер денсаулығында кінәрат болса, ота жасау, дәрі-дәрмегін есепке алады. Ондай жағдайда қаражат көлемі 800 мыңға дейін шығады. 

Новости партнеров