Медиа саласы өкілдеріне арналған халықаралық жиын өтеді

10.07.2018 16:00

Елорданың 20 жылдық мерейтойы құрметіне Астанада «Азия медиа диалогы» атты жоба өтеді. Шара шеңберінде семинарлар, конференциялар, сонымен бірге Азия радиосының ән фестивалі ұйымдастырылады. Бұл туралы ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағы бірлесе қолға алған шараға еліміздің медиа саласының өкілдері қатысады. Шілденің 10-ы мен 12-сі аралығында өтетін жоба шеңберінде Азия мен Еуропа медиасына ортақ мәселелер талқыланбақ. Соның бірі - «Media-2020» конференциясы. Жиынға Аустралия, Бельгия, Германия, Жапония, Қытай, Еуропа мен Азияның жеке әрі ұлттық телерадио-компанияларының жетекші өкілдері келеді деп күтілуде.

«Талқыланатын басты тақырыптың бірі - телерадиохабар тарату саласын заманға лайық дамыту. Шараға Азия-Тынық Мұхит елдері ұлттық және аймақтық хабар тарату бірлестіктерінің жүзден аса өкілдері қатысады. Сонымен қатар, қазақстандық медиа менеджерлер мен журналистер осы іс-шараға ауқымды түрде атсалысады деген үміттеміз. Телевизия мен радио жоғары технология бойынша әрдайым дамуы керек екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Қазақстандық БАҚ та бұл үрдістен қалыс қалмауы тиіс», – деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.

Сондай-ақ, жоба аясында Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің жыл сайынғы ән байқауы өтеді. «Еуровидение» форматындағы «ABU Radio Song Festival» ән фестивалі – Астананың мерейтойына орай ұйымдастырылады. Айта кетерлігі, Қазақстан – Орталық Азияда осы фестивальді қабылдайтын алғашқы ел. Оған Түркия, Непал, Мальдив, Қазақстан және өзге де елдердің өнерпаздары қатысады.