«Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының кеңейтілген жиналысында партия хатшысы Тамара Дүйсенова мектеп асханаларын жаңғырту шаралары қалай жүргізілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз мектеп асханаларын жаңғыртудың жобасын даярладық. Бұл ретте бизнес пен мектептің өзара іс-қимылы бойынша оңтайлы форматты қамтамасыз ету ескерілген. Сонымен қатар балаларды тамақтандырудың нақты стандарттарын бекітіп, бұл саладағы қоғамдық бақылауды орнату көзделген», - деді Т. Дүйсенова.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде мектеп басшылығы жыл сайын тендерлер өткізеді, ал конкурстық рәсімдерге бірнеше ай кетеді. Нәтижесінде, бизнеске ұзақ мерзімге жұмыс істеуге мүмкіндік болмайды.
«Бұл ретте бизнес инвестиция салуға қызығушылық танытпайды. Осыған байланысты үшжылдық бюджет аясында асхананы жалға алу мерзімін үш жылға дейін ұзарту мүмкіндігін пысықтау керек. Алайда Денсаулық сақтау және Білім министрліктері айқындағандай, бизнес тиісті сападағы жабдықтарды орнатып, стандарттарды қамтамасыз етуі тиіс», - деп түсіндірді Дүйсенова.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сенаттың жалпы отырысында депутат Бірғаным Әйтімова орта мектептерде оқушыларды тамақтандырудағы кемшіліктерді атаған болатын.
«Өкінішке қарай, соңғы кезде жеке кәсіпкерлер қызмет көрсететін бірқатар мектеп асханаларында ас мәзірі талаптарға сай келе бермейді, тағамдар технологиялардан ауытқумен әзірленеді. Сонымен қатар есептен жеу және кем өлшеу жағдайлары кездеседі. Мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырушы осы салада жұмыс тәжірибесін жинауға да үлгермей жатып, жыл сайын ауысады. Тендерлер өткізу кезінде бірқатар облыстарда жергілікті білім беру басқармалары тағам құнының бір оқушыға санағанда тек қана 100 теңгеден аспауын талап етеді. 100 теңгеге не әзірлеуге болады? Осының салдарынан еліміз бойынша мектеп асханаларында оқушылардың сапасыз тағамнан улануы көбейе түсті», - деп атап өтті Б. Әйтімова.