Алматыда көліктен гөрі жүргіншілер жолына басымдық берілуде. Шаһар басшылығы миллиардтаған қаржы бөліп, ескі тораптарды қайтадан түрлендірген. Алматыға жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қайта жөндеуден өткізілген көшелермен жүрді. Астана алаңы мен жаңартылған Жібек жолы, Панфилов көшесін көрді. Қала әкімі жөндеу жұмысы әлемдік талаптарды ескере отырып жасалғанын тілге тиек етті. Президент жылдан жылға көркейіп, ажарланған қаланың қазіргі келбетіне өз бағасын берді.
¤Арбат пен Абай атындағы опера және балет театры алдындағы скверлер жасыл дәліздер арқылы жалғасты. Мұнда 200-ге жуық көше шамдары қойылған. Түнгі уақыттағы келбеті тіпті керемет. Оған қоса, су бұрқақтар қала ажарына сән қоса түскендей. Мұндағы 22 мың шаршы метрден астам аумаққа граниттен жабын төселген. Оның артықшылығы - ұзақ қызмет етуінде. Атап өтерлігі, көшелерді қайта жасау жұмыстары кезінде осы аумақтан көне қаланың кеспе тастары табылған еді. Қала басшысы архитектор мен мердігер компанияларға ол тасты сақтап, олардың кейбірін Панфилов көшесі бойындағы жүргінші жолына төсеуді тапсырған болатын.