Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мемлекеттік білім алуға бөлінген жалпы грант санының 6604-не иеленіп, еліміздегі ЖОО арасында бірінші орынға шықты.
Бұл жайында ҚазҰУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Жарылқасын Жаппасов мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
ҚазҰУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының айтуынша, биыл мемлекеттен бөлінген грант саны жылдағыдан көп, сондықтан оқуға тапсырушылар саны да жоғары болған.
«Әсіресе техникалық мамандықтарға грант көп бөлінді, оның ішінде IT саласына биыл тапсырушылар көп. Одан кейін Заң, Қаржы мамандықтарын таңдағандар жылдағыдай жоғары болып тұр. Шығыстану факультетіне тапсырушылар да көп болды. Мәселен, қытай тіліне биыл 100 орын бөлінген. Сондай-ақ, шетелден келген қазақ диаспораларына бұрын 2 пайыздық квота бөлінсе, биыл 4 пайызға көтерілді», – дейді ол.
Сонымен қатар ол, факультеттер тұрғысында білім алуға бөлінген гранттар көрсеткіші де өзгеше екендігін айтып өтті.
«Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл физика-техникалық мамандықтарына 989 орын, география және табиғатты пайдалану факультетіне 803, биология және биотехнология факультетіне 670, механика-математика саласына 552 грант бөлінген. Соның ішінде радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығы ең көп 276 грантты иеленіп отыр. Бұдан жаратылыстану ғылымдары мен техникалық бағыттарға, еңбек нарығында аса қажеттілік туындаған басқа да мамандықтарды даярлауға басымдық берілгенін байқаймыз», – деді жауапты хатшы.