Алматы әуежайында менингококк инфекциясына байланысты медициналық байқау күшейтілген

06.06.2018 02:17

Алматы әуежайында менингококк инфекциясына байланысты медициналық бақылау күшейтілген. Қазір ондағы дәрігерлер жолаушыларды тепловизор арқылы тексеріп жатыр. Егер басы ауырып, дене қызуы көтерілген адам анықталса, медиктер оны дереу оқшаулап, жол жүруіне тыйым салады. Одан бөлек, бекеттердегі жағдай қандай? Дүйім жұрттың дүрбелең туғызуына себеп бар ма?

Менингит дендеген Алматының әуежайында қазір бақылау күшейтілген. Бұған дейін әуе айлағында аты жаман ауруды жұқтырған адам байқалмаса да, медиктер аяқтарынан тік тұрып қадағалап тұр. Күту залындағы үлкен экранда менингиттің алдын алу туралы ақпараттар сәт сайын көрсетілуде. Әуежайдың медицина қызметкерлері қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдерімен бірлесіп, тәулік бойы жұмыс істеуге кіріскен. Олар жолаушыларды арнайы тепловизор арқылы тексеріп жатыр екен. Егер қызуы бар адам бұл құрылғының маңынан өтсе, аппарат дыбыс береді.

«Жолаушылардың егер ыстығы 37, 37-ден жоғары болса, біз ондай жолаушыны дәрігерлік бөлімге алып келіп, осы жерде толық тексеріп, тамағын барлығын қарауымыз керек қой. Ыстығын бірінші түсіріп дәрі-дәрмек беріп, содан кейін жедел-жәрдем шақырып, ондай жолаушыларды ары қарай ұшуға жібермейміз. Өйткені жаңағы ұшақтың ішінде басқа кісілер болады оларға жұғуы мүмкін»,-деді «Алматы Халықаралық әуежайы» ақ медициналық қызметінің басшысы Сағдат НҰРИМАНОВ.

Керісінше, қаланың бас қақпасы теміржол вокзалына келіп-кетушілерге еш тыйым жоқ. Мұндағы медиктер қара бұлт төндіруге себеп жоқ деп, селқос отырған сыңайлы. Өйткені вокзал маңында еш бақылау байқалмады. Бекет қызметкерлері шағын экрандағы ескертпе бейнеролик қауіптің алдын алуға жеткілікті деп кесіп айтты.

Вокзалдағы дәрігерлер салғырт отырғанмен, бүгін еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері дабыл қақты. Ол қазақстандықтарға әсіресе қоғамдық жерлерде сақтанып, бетперде киіп жүруге кеңес берді. Өйткені менингококк инфекциясының ошағы әсіресе адам қарасы көп жүретін және желдетілмейтін орындарда кездеседі екен. Жалпы, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, шаһарда қауіпті дерттің 96 ошағы анықталған. Оның сексені үй жайында екен.

«Эпидемиологиялық зерттеу жүргізу нәтижесінде 96 инфекциялық ошақ анықталды. Оның сексені үй ошағы. Науқастармен қарым-қатынаста болған 3692 адам тексеріліп, 2731-нде теріс нәтиже анықталды. 955-сінің нәтижесі дайындалып жатыр. Сараптама нәтижесі бойынша, 10 тасымалдаушы анықталғанын айта кету керек. Бүгінгі күні 2 мың 256 адамға профилактика тағайындалған, Екі мың 84 адам курсты аяқтаса, қалған 172-сі жалғастырып жатыр. Ауырған қырық бір адамның алтауы қайтыс болды, 13 науқас ауруханадан шығарылды»,-деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.

Айта кетсек, осы уақытқа дейін Алматыда 48 адам менингит деген күдікпен ауруханаға түскен. Оның қырық бірі расталған. Тағы 17 сараптаманың нәтижесі шыққан жоқ. Ақ халаттылардың айтуынша, бұл дерттің үш түрі яғни А,В,С серогруппалары бар. Алматыда қайтыс болғандардың барлығы қауіпті категориямен ауырған. Инфекцияны жұқтырғандардың көбісі 15 пен 19 жас аралығында жеткіншектер және 20 мен 29 жастағы ересек адамдар көрінеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Азамат Әуезхан, Рашит Шүкіралиев, Алматы телеарнасы.