|
09.07.2018 | 20:09
2715

Су мен кәріз қызметіне қарыз алматылықтар қатаң жазаланады

Су мен кәріз қызметіне қарыз алматылықтар қатаң жазаланады


Алматылықтардың су мен кәріз қызметіне қарызы – 270 млн теңгеге жетті. Суға ақша төлемегендердің қатарында заңды тұлғалар мен қарапайым тұрғындар да бар. Жауапты мекеме өкілдері ескертулерді елемей, жылдап қарызын өтемей жүрген тұрғындардың кәріз құбырын бітеп, ал өз еркімен суға қосылып алғандардың құбырын кесіп жатыр. 

Алатау ауданындағы мына екі үй мен дүкеннің иесі еш рұқсатсыз қаланың орталық су құбырына қосылып алған. Бұған дейін бірнеше рет ескерту жасалғанымен үй қожайыны құлақ аспаған. Ақыры коммуналдық мекеме мамандары ауыр техниканың көмегімен су құбырын тауып, кесуге мәжбүр болды.

«Негізі біздің Алатау ауданында 444 өз еркімен қосылған тұтынушылар бар. Мына көріп отырған үйлеріңіз екі үй және дүкен өз еркімен су құбырымызға қосылып алған. Осы күнге дейін 5-6 рет ескертулер берілді. Ішкі құбырдан пломбы арқылы ажыратылды. Бүгін міне келіп қазып, құбырдан толығымен өшіріп жатырмыз», - деді «Алматы су» МКК бас баманы Гүлбану МҰҚАНОВА.

Судан ажыратылған тұрғындар енді тиісті мекемеге барып, шарт жасасуы тиіс. Әрі қарай пайдаланған суына есеп құралы қойылады. Заңсыз суға қосылғандар пайдаланған суынан бөлек қосымша үстемақы төлейді.

«Осы екі айдың ішінде 900 заң бұзушылық анықталған. Соның ішінде заңсыз суға қосылу 350 рет орын алған, оның ішінде үлкен нысандар бар, жекеменшік үйлер бар. Яғни, осы үйлердің бәрі судан өшірілді. Одан басқа, қосымша төлемақы жасалады, ол 150 мың теңге», – деп мәлімдеді "Алматы су" МКК баспасөз хатшысы СЕРІК ШӘГІРОВ.

"Досмұхамедов көшесіндегі бұрын жатақхана болған мына үйдегі тұрғындардың тек ауыз суға қарызы – 1 млн 300 мың теңге. Мұндағы 144 пәтердің жартысы берешек", - дейді ПИК өкілі. Тұрғындардан қарызын ала алмаған комуналдық мекеме өкілдері бұл жолы сот орындаушыларымен бірге келді. Ақыры көпқабатты үйдің суын түгелдей өшіріп тастады. Енді тек ПИК қарыздарды жинап, өтегеннен кейін ғана суды қайта қосады.

«Менің қарызым шамамен 4-5 миллион теңгедей. Борышкерлердің 50 пайызы ғана төлейді. 144 үйдің 70-і төлеген деп айта аламын. Қалғанының бәрі қарыз, 2 жылдан бері төлемей жүргендері де бар», –  деді «Кереге тас» ПИК өкілі Мейрамбек АХМЕТҚАЛИЕВ.

Кәріз қызметіне қарызы барларға да шара қолданылуда. Бостандық ауданындағы берешегі бар пәтер иесіне бірнеше рет ескерту жасалған. Енді үйдің шатырына шығып осы пәтердің кәріз жүйесін бітеп тастауға тура келді. Мамандардың айтуынша, әжетхана суын ағыза алмаған соң тұрғындар ары кетсе 2-3 күн ішінде қарызын төлеуге кірісе бастайды екен. 

Енді қолданылған шарадан кейін де қарызын өтемеген борышкерлер үстінен сотқа шағым түсірілетін болады. Яғни, берешек тұрғындардың банк шоттары бұғатталып, шетелге шығуына да тыйым салынуы мүмкін. Ал, «Алматы су» мекемесінің 10-мамырда бастаған рейді күзге дейін жалғасады. Осы жұмысқа күн сайын 40 арнайы техника мен 280 адам жұмылдырылуда. Рейд сенбі-жексенбі күндері де тоқтаусыз жүргізілуде.

Тоғжан Аман, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир