Министр антибиотик және бетперделердің бағасы қалай реттелетінін айтты

07.06.2018 03:25

Менингококк инфекциясын сылтауратып, медициналық бетпердеден  бастап, дәрі-дәрмек  пен өзге де  жабдықтардың бағасын шарықтатып жіберген  дәріханалардың  жұмысын денсаулық министрлігінің қадағалауға қақысы жоқ.  Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сан сауалына жауап берген Елжан Біртанов, жеке кәсіпкерлердің жұмысын қадағалау құзырымызға кірмейді,-деді. Министрдің айтуынша, халықтың дүрліккен сәтін оңтайлы пайдалану оқиғалары  орын алғаны рас. Бірақ қазіргі таңда кәсіпкерлердің дәрі-дәрмекті өз бетінше қымбаттатуына жол бермейтін арнайы заң қабылдау үшін жұмыс жүргізілуде. Инфекцияның таралуына байланысты ахуалға баға берген министр, сөзін былай қорытындылады: жер-жерде дәрі-дәрмекпен қиындық жоқ, ал жергілікті дәрігерлерге ұлттық медициналық университет мамандары көмектесіп жатыр.  

«Шұғыл жәрдемге мұқтаж науқастардың медициналық көмекті тұрғылықты тіркеуіне байланысты ала алмағаны рас. Бұл заң бұзушылық болып табылады. Науқасқа тұрғылықты жерін айтпағанда, азаматтығына да қарамай алғашқы көмек ең жақын орналасқан ауруханадан көрсетілуі керек»,-деді ҚР денсаулық сақтау министрі  Елжан БІРТАНОВ.  

Министр Алматы мен Алматы облысына жасаған сапарын қортындылап, тілшілерге жиын өткізді. Біртановтың айтуынша, қазір елімізде 59 адам менингококк жұқпасын жұқтырған. 13 адам осы дерттен көз жұмған. Дегенмен, қазір жағдай тұрақты. Дәрігерлер бастапқы кезеңде аптасына 600-ге жуық науқасты қабылдаса, қазір ол сан 500-ге дейін төмендеген. Тағы бір түйткілді дүние, ол сақтану бетперделердің табылмай жатқаны. Алматылықтар үш-төрт есеге қымбаттаған маскінің өзін дәріханалардан сабылып іздеп жүр. Дәріхана сатушылары болса сұраныстың көптігінен әкелген бетперделер жылдам сатылып, жетпей жатқанын жеткізді.