Елімізде тегін дәрілер қайта таратыла бастады

Елімізде тегін дәрілер қайта таратыла бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде тегін дәрілер қайта таратыла бастады. Осыған дейін біраз уақыт берілмей қалған препараттарды медицина қызметкерлері қазір өңір-өңірге жеткізіп жатыр. Министрлік науқастардың дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай қалуына бірнеше адамның айыпты болғанын анықтапты. Қазір күдіктілер қамалып, тергеліп жатқан көрінеді. Сонымен тегін дәрілер алдымен қандай ауру түріне шалдыққан науқастарға беріледі?

Шахиризада Дүйсенбаева ара-тұра төсек тартып қалады. Қан қысымы жиі көтеріледі. Тұңғыш баласын босанған соң, сырқаты сыр бере бастапты. Қажетті дәрі-дәрмекті осыған дейін тегін алып келген. Бірақ жыл басында қол үзіп қалғанын айтады. Осыдан кейін, дертіне дауа іздеген әйелден маза кете бастапты.

«Бірінші баламнан кейін кенеттен қан қысымым көтеріле бастады. Қазір учетта тұрамын. Учетқа қойды мені дәрігерлер. Емделіп жүрмін. Қазіргі кезде үш балам бар. Ауыруға болмайды. Сондықтан маған мемлекет те көмектесіп жатыр. Тегін дәрілер беріп», - деді Шахиризада ДҮЙСЕНБАЕВА.

Тегін дәрілер үш баланың анасына жақында берілген. Министрлік 500-ден аса препараттың науқастарға уақытылы жеткізілмей қалуына бірнеше адамның айыпты екенін айтады. Қазір олардың ісі қаралып жатыр. Құзырлы орын өкілдері күдіктілерді тергеуде.  

«Әлеуметтік желіде көтерілген сұрақтар, қоғамдағы мәселелер өз шешімін тауып жатыр. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі, «СК-Фармация», Денсаулық сақтау басқармасы мен біздің қоғамдастық біріге жұмыс істеп келе жатыр. Қолымыздан келгенше көмегімізді аямаймыз», - деді «Өмір сыйы» қоғамдық қорының президенті Сандуғаш ОРЫНБАЕВА.

Аймақтарға таратылатын дәрі-дәрмектер осы қоймада сақталады. Қазір мамандар оларды бөліп, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарына жіберуге дайындап жатыр.  

«Биылдан бастап біздің аймақтағы ауруханалар өздері тікелей, тиісті адамдарға дәрілерді бере алады. Бұл бастама Астанада да енгізілген. Демек, қазір азамат ауруханаға келіп, ол жерде дәрігер жазып берген қағазды көрсетіп, дәріханадан препараттарды бірден қолға алуға мүмкіндік бар», - деді  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Фармация» комитетінің төрайымы Людмила БҰЙРАБЕКОВА.

Былтыр министрлік тегін дәріге қол жеткізге алмаған науқастардың саны көбейген соң, 25 отандық дәрі өндіретін мекемемен келісім-шартқа отырыпты. Соның негізінде медициналық препараттар жаппай таратыла бастаған. Мұндай өнімдерге көбіне қант диабетімен ауыратын және обыр дертіне шалдыққан отандастарымыз мұқтаж.


Новости партнеров