|
02.08.2018 | 19:29
21526

Министрлік бауыр рагын тудыратын қауіпті дәрілерді кері қайтаруды сұрайды

Министрлік бауыр рагын тудыратын қауіпті дәрілерді кері қайтаруды сұрайды

«Вазар» мен «Нортиван» деп аталатын дәрі-дәрмекті бұған дейін емханадан тегін алған болсаңыз, дереу кері қайтарыңыз. Препараттардың адам денсаулығына келтірер қаупі зор екенін енді білген Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп дабыл қақты.


Нұсқаулығында қан қысымын қалыпты етіп, инфаркт пен инсульттің алдын алатын дәрілер бауыр обырына әкеп соқтыруы мүмкін. Енді министрлік тауар өндірушіні дәріні қабылдағандардың денсаулығына жауапты қылып қана қоймай, миллиондап тегін таратылған дәрілерді толықтай қайтаруды талап етіп отыр.    

Бауыр обырына әкеп соқтыруы мүмкін дәрілер мәселесі қоғамда бұған дейін де талай рет айтылған. Бұл жолы құрамында «валсартан» атты химиялық қоспасы бар «Вазар» және «Нортиван» препараттары қауіпті деп танылды. Қазақстандықтардың денсаулығына жауапты ведомство өкілдері қан қысымын реттейтін, жүрек дертіне шалдыққандарға арналған таблеткаларды азаматтардан қайтаруды сұрайды. Бүгінгі күнге дейін тегін таратылып келген «Вазардың» 2,9 миллион данасы науқастар қолына берілген.  

«СК-Фармация» компаниясы «валсартан» атты химиялық қоспасы бар екі препаратты сатып алды. Олар – 80 милиграмдық «Вазар» мен 160 милиграмдық «Вальсакор» дәрілері. Қазір бізде «Вазардың» 6 миллион данасы болса, соның 2,9 миллионы – осы дәріге мұқтаж жандардың  қолында. Енді осы дәріні кез келген адам «Вальсакор» атты қауіпсіз дәріге ауыстыра алады. Ол бізде жеткілікті. Ауыстыруды «Вазарды» сатып алған дәріхана жасайды», – деді «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік ШӘРІП.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрілерді өндіруші компанияға таблеткаларды қабылдаған науқастар жағдайына жауапты болуды жүктеді, сондай-ақ, тауар өндірушілерден қауіпті деп танылған препараттарды түгелдей тәркілеуді міндеттеген. Ведомство Түркия және Қытай елдерінен әкелінетін дәрілер құрамындағы бауыр обырына шалдықтыратын затты тапқан сәтте дабыл қаққан.

«Тағы бір рет дәрілер атауына тоқталсақ. Ақ халаттылар шұғыл түрде «Вазар», «Вазар-Н», «Нортиван» және «Корди Кардофикс-сановель плюс» атты дәрілерден бас тартуды сұрайды. Осы дәрілерді қабылдап жатқандар дәрігерлерге жүгінуі тиіс. Мамандар басқаша емделу түрін жазып береді. Сондай-ақ, қандай да бір сұрақтар болса, оларға әріптестеріміз жауап беруге дайын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Фармация» комитетінің төрайымы Людмила БҰЙРАБЕКОВА.

Естеріңізге салсақ, осыдан екі ай бұрын Денсаулық сақтау министрлігі қытайлық «Нортиван» емдік таблеткасын ел дәріханаларынан түгелдей қайтарған еді. Себебі, оның құрамынан «N-нитрозодиметиламин NDMA» атты аса қауіпті зат табылған.

Айта кетейік, бүгін де еліміздің дәріханалар реестрінде «Валсартан» химиялық қоспасы бар 68 дәрі-дәрмек тіркелген. Олардың ішіндегі 6 түрі адам денсаулығына қауіпті деп танылған.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир