Көкпар, қыз қуу, аударыспақ: Астанада «Көшпенділер әлемі» атты фестиваль өтеді

Көкпар, қыз қуу, аударыспақ: Астанада «Көшпенділер әлемі» атты фестиваль өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астананың 20-жылдығына орай өтетін халықаралық «Көшпенділер әлемі» фестиваліне екі күн қалды. Қазақстаннан өзге Венгрия, Болгария, Түркия, Украина, Башқұртстан, Якутия, Қырғызстан командалары қатысатын мәдени шараға дайындық қыза түскен. Түркі халықтарының Үлкен Құрылтайы ретінде де саналатын фестиваль аясында түрлі тақырыпта жеті ауыл құрылады. Мерекелік шараға келгендер садақ атып, түркі халықтарының этникалық әуендерін тыңдап, «Көкпар тарту», «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Асау» сынды басқа да  ұлттық ойындарды тамашалай алады. Сондай-ақ меймандарға көшпенділердің ас әзірлеу әдісі мен мәзірі ұсынылады. Ал көшпенділердің дәстүрлі ойындары мен шеберлер бұйымдарының көрмесі де ұмыт қалмайды. Шара аясында тек орта ғасырлардағы жаужүрек батырлардан бөлек, көрермендерге тұңғыш рет Амазонкалар өз өнерлерін паш етпек. Көшпенділер мәдениетін жаңғыртуға бағытталған халықаралық шараға бірнеше мың қонақ келеді деп күтілуде.

«Шетелден 100-ден астам адам келеді деп отырмыз. Ал бұлай шақыруда 5 мыңнан кем адам болмайды. Енді сол 5 мыңды күтіп алуға жағдай жасап жатырмыз»,-деді  Ұлттық туристік компания департаментінң директоры Гаухар ЖЕҢІСБЕК. 

Этнофестиваль 30-шы маусым мен 1-ші шілде аралығында «Қазанат» ипподромының аумағындағы «Этноауыл» Ұлттық-мәдени кешені жанындағы алаңда ұйымдастырылады. Мерекеге орай қаладан қатынайтын арнайы көлік қарастырылады.

Нұржан Садырбай, "Алматы" телеарнасы.

Новости партнеров