Министр Жеңіс Қасымбек 2022 жылға қарай ауыл-аймақтарда тас-талқаны шыққан жолдардың 85 пайызын жөндемек. Бірақ ол үшін ведомство басшысы бюджеттен қосымша 60 миллиард теңге қажет екендігін жасырмады.
Жеңіс Қасымбек жолдарды жөндеу үшін мемлекет бюджетінен шамамен 80-нен 90 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінетіндігін айтты. Министрдің сөзінше, бұл аздық етеді. Сондықтан биылғы бюджетті нақтылау аясында ол депутаттардан облыстардың жергілікті автомобиль жолдарын дамыту үшін трансфер түрінде қосымша ақша бөлуді сұрады. Дәлірек айтсақ, 60 миллиард теңге керек, деді.
«Бұл қаржы жыл сайын 4 мың шақырым жергілікті маңызды жолдарды жөндеуге жетеді. Біз 2020-2022 жылдары жергілікті жолдардың 85 пайызын тегістеуді жоспарлап отырмыз», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.
Жақында ғана аталмыш ведомство өкілдері ипотеканың пайызын төмендету жайын да сөз еткен еді. Әзірге айтылғандардың бәрі қағаз жүзінде екен. Қазір еліміздегі негізі ипотеканың ең төменгі жылдық көрсеткіші 10 пайызға тең. Министрлік өз кезегінде баспана алуды бұдан да жеңілдетуді көздеп отыр. Сондықтан алдағы уақытта екінші деңгейлі банктерді қолдау үшін қыруар қаржы бөлінбек. Бірақ ипотека нақты қаншаға азаятыны белгісіз.
«10 пайыздан да арзан болса екен деген ұсынысты дайындап отырмыз. Оны Үкімет қолдаса, жақында естисіздер. Екіншіден, құрылыс жинақ банкінің механизмдерін дамытып жатырмыз. Олардың енді пайызын өздеріңіз білесіздер, 5 пайыздан бастап, 9 жарым пайызға дейін жетеді», - деді ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.
Былтырғы жылды қорытындылаған Жеңіс Қасымбек өңдеу өнеркәсібі 5,1 пайызға өссе, негізгі капиталға салынған инвестиция 4,7 пайызға жеткенін айтты. Ол шамамен 981 миллиард теңге деген сөз. Аталған ведомствоның осы жылы да жоспары көп, деді. Мысалы, 2018 жылы Қазақстанда Индустрияландыру картасы аясында бір триллион теңгенің 150-ден астам жобасы іске қосылмақ.
«2017 жылы Индустрияландыру картасы аясында 1,5 трлн теңгенің 120 жобасы іске қосылды. Ол 10 мың тұрақты жұмыс орны. Биыл жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 150-ден астам жаңа жоба іске қосылады. Ол 15 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.
Ал үлкен шаруа айтылған жиында ел экспорты да сөз болды. Бүгінде Қазақстаннан әлемнің 122 еліне тауар жөнелтіледі. Жалпы, Қазақстан экспортаушы елдердің арасында 53-ші орынға жайғасқан. Өткен жылы шекара асқан өнімдер көлемі 31,6 пайызға артып, 43,1 млрд АҚШ долларын құраса, импорт 15,8 пайызға өскен. Биыл министрлік Елбасының тапсырмасына сәйкес инвестиция тартуды күшейтпек. Бұл бағытта мамыр айында Астанада халықаралық инвестициялық форум өтпекші.