Отандық өнімдер іргедегі Қытайға жаппай жеткізіліп жатыр

04.05.2017 15:27

Отандық өнімдер іргедегі Қытайға жаппай жеткізіліп жатыр. Әсіресе, қазақстандық май өнімдері мен бірінші сұрыпты ұн кең сұранысқа ие екен. Шығыстағы көршіміз ет пен бал секілді экологиялық таза өнімдерге де қызығып отыр. Өз кезегінде, біздің елге олар заманауи пойыз құрамдарын тасуды мақсұт еткен. Тақырыпты кеңінен Қытайдан оралған тілшіміз қозғасын.

Халық саны жағынан көш бастаған Қытайда кептелісті байқау қиын. Мәселені жауаптылар жақсы асфальт пен үш кезеңді жол айрықтары арқылы шешкен. Жол қозғалысы жүктемесін жүрдек пойыздар жеңілдетіпті. Қазір Қытайда жасалған осы тасымал құралы әлемнің түкпір-түкпіріне жөнілтілуде.

¤Бұл Орталық Азиядағы жеңіл рельсті көлік, пойыз, метро вагондарын шығаратын ең ірі зауыт. Ол Нанкин қаласында орналасқан. Ал Қытай бойынша 14 зауыт бар. Кәсіпорынның 70 пайызы автоматтандырылған, сөйте тұра 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Тауар өндіру технологиясы мен оның құны біз үшін құпия болып қала берді.

«Пойыз құрамдары 30 жылға дейін жарамды. Біз сағатына 500 шақырыммен жүретін пойызды шығара аламыз. Бірақ ол қымбатқа түседі. Қазақстан нарығына да шығуды жоспарлап отырмыз. Менің білуімше, Қазақстанның ең үлкен қаласы Алматыда жеңіл рельсті көлікті қолға алмақшы екен. Осы орайда серіктестік орнатуға дайынбыз»,- деді Көлік құрастыру компаниясының бөлім басшысы, Шёджун ДАЙ. 

Қазақстан нарығына шығуды қытайлық компаниялардың көпшілігі дайын. Сондай өндіріс орындарының бірі май мен ұнды шығаратын кәсіпорын. Ол осыдан үш ай бұрын Көкшетау қаласында ашылған.

«Біз Қазақстанда зауыт салу үшін инвестиция ретінде 4 миллиард 200 миллион теңге қаржы құйдық. Алғашқы тоқсанда 10 мың тоннаға жуық ұнды импорттадық. Болашақта сиыр мен қой етін және бал өнімдерін тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Қазақстан топырағы өте құнарлы екені ешкімге жасырын емес. Бұл біз үшін өте тиімді серіктестік»,- деді Тамақ өнімдерін өндіретін компания директорының орынбасары, Джипин ЛЮ.

Ал мол өнім алу суару технологиясына тікелей байланысты. Сондықтан қытайлықтар Қазақстан мен кәрі құрлыққа суару технологиясымен жарақталған өзгеше құрылғыларды тасымалдауды жоспарлап отыр. Сиань зауытында жылына 150 мың шақырымды құрайтын суару түтікшелері өндіріледі. Жауаптылардың айтуынша, сапасы жағынан еуропалық стандарттардан кем түспейді екен. Оның үстіне 30 пайызға арзан.  

«Осындай жүйемен бір гектар жерді суару үшін тұтынушы шамамен 90 юань ғана қаражатын жұмсайды. Бұл 3 миллион теңгеге жуық. Дәл осындай еуропалық құрылғы бірнеше есе қымбат тұрады. Қазір біз өнімдерімізді Оңтүстік шығыс Азия елдеріне экспорттаймыз. Қазақстанға да тауарларымызды шығарсақ деген ойымыз бар»,- деді Өсімдік өнімдерін өндіретін компанияның директоры, Анхуай ЛИ. 

Қытайлық зауыттарға қарап көп нәрсені үйренуге болады. Осыған дейін мүмкін емес әрі қолжетімсіз болған дүниелерді аспан асты елі жүзеге асырып жатыр.

Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы Қытай Халық Республикасынан