Алматылықтар метрода ұялы байланыс пен ғаламторды қолдана алады

30.01.2018 20:19

Жер астындағы байланыс. Бұдан былай Алматылықтар метрода ұялы телефонмен сөйлесе алады. Сондай-ақ, жер асты көлігінде ғаламторды да емін-еркін пайдалануға мүмкіндік бар. Қазір тың жоба пысықталып жатыр және биылдан қалмай жүзеге асады. Жалпы, метроны пайдаланатын жолаушылар саны жыл санап артып келеді. Мәселен, 2016 жылы қоғамдық көліктің бұл түрімен 12 млн адам қатынаған болса, былтыр 14 млнға жетіпті. Ал, «Достық» және «Сарыарқа» бекеттерінің құрылысы аяқталғасын жолаушылар легі тағы 2 есеге артады деп күтілуде. Қазір қос бекетте құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Екі стансаның арасы 3 шақырымнан асады. "Достық" стансасын салу үшін 42 жер телімі сатып алынған екен. Айта кетсек, бекеттер 2020 жылы пайдалануға берілмек. 

«Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін қазіргі бекеттерде барлық жағдай қарастырылған. Мүгедектердің кіріп-шығуына да пандустар жасалынған. Болашақта ашылатын «Достық» және «Сарыарқа» бекеттерінің қазіргі бекеттерден қатты айырмашылығы болмайды. Биыл жолаушыларға бекеттердің барлығында ұялы телефонмен сөйлесіп, ғаламторды пайдалануға болады. Жоба жеке кәсіпкерлердің қаржысына жасалады»,-деді «МЕТРОПОЛИТЕН» МКК күрделі құрылыс қызметі техникалық бақылау бөлімінің басшысы, Қанат АХМЕТОВ.

Метро желісі ұзарса, қосымша 80 мың жолаушыны тасымалдауға қауқарлы болады. Кейін, жер асты жолы "Қалқаман" стансасы арқылы «Западный» автобекетіне дейін жалғанады. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс мерзімі әлі айқын емес. Дегенмен, барлық шаруа қаржыландыруға байланысты болмақ.

"Метро жеңіл рельсті көліктермен және жүйрік автобус желілерімен орталықтандырылатын болады. Яғни, қоғамдық көліктің аталмыш үш түрі қалаға кіре беріс жердегі «Западный» автобекетінде тоғысады. Бұл үлкен торап болады. Қалаға сырттан келетін жолаушылар сол бекетте автобустан түсе салып немесе көліктерін тастап, қоғамдық көліктерге міне алады»,-деді «МЕТРОПОЛИТЕН» МКК күрделі құрылыс қызметі техникалық бақылау бөлімінің басшысы, Қанат АХМЕТОВ.