Жоғары сынып оқушыларын кәсіпкерлікке баулитын пән оқытылуы мүмкін

13.09.2018 21:35

Келер жылдан бастап жоғарғы сынып оқушылары «кәсіпкерлік негіздері» туралы арнайы пән оқуы мүмкін. Қазірдің өзінде бұл дәріс еліміздің бірқатар мектептерінде пилоттық негізде өткізілуде.

Жаңа пән болашақ кәсіпкерлерді дайындап қана қоймай, маңызды шешім қабылдап, басшылық етудің қағидаларын үйретпек. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Жастар форумында мәлім болды. Шараға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғыз елінің жастары қатысуда. Олар болашақта бірігіп жұмыс істеу жолдарын талқыламақ. Әсіресе, Ресей мен Қазақстан жастары арасында бизнес-инкубатор құрылмақ. Жаңадан кəсіпорын құрушы жастардың тəжірибе алуына жол ашатын жоба жыл соңына дейін жүзеге асады.  

«Ресей Федерациясының бизнес-инкубаторларды іске қосып, жемісті жұмыс істетуде тәжірибесі жеткілікті. Мысалы, Қытай Халық Республикасымен бірігіп жастарға арналған 15-тен астам бизнес-инкубатор аштық. Сараптама кезінде өткен жылы жасалған келісім-шарттың жалпы көлемі 430 млн доллардан асты», – деді Ресей Федерациясы Жастар ісі бойынша федералды агенттігінің халықаралық бөлім басшысы Дмитрий ИВАНОВ.

Форумда кәсіпкерліктен бөлек, еріктілер мәселесі мен ТМД елдерінде туризмді дамыту жайы да талқыланды. Енді алдағы күндері арнайы туристік каталог құрастырылмақ. Онлайн жүйеде қолжетімді болатын жиынтықта, ТМД елдерінің негізгі көрнекті орындары көрсетіледі әрі онда бару бағыты да сызылмақ.  

«Біздің үкіметтік емес ұйымдарымыз, жалпы, Қазақстан жастарының конгресі, волонтерларымыз керемет презентацияларын дайындап, Қазақстанның сакралды орындарын, жалпы табиғатын, тарихи ескерткіштерін көрсету мақсатында осы форум арқылы көршілес мемлекеттердің азаматтарын шақырып, еліміздің ішкі туризмін дамыту мақсатында осындай бөлек дискуссиялық алаң құрып отырмыз», – деді ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат ОРАЛОВ.