Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Сотқа төрағалық еткен Азамат Тілепов үкімнің мәтінін оқыды. Оған сәйкес, бизнесмен, бұрын ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы болған, 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталған Мұратхан Тоқмәди 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Осы мерзімге 2017 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық соты шығарған үкімнің мерзімі де кіреді. М. Тоқмәди жазаны қауіпсіздігі барынша күшейтілген мекемеде өтейтін болды. Еске сала кетейік, мемлекеттік айыптаушы Ілияс Есқалиев жарыссөздер кезінде Мұратхан Тоқмәдиге 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған болатын.