Қалмұханбет Қасымов: Қазақстанда қылмыстың 14 пайызын ішімдікке құмарлар жасайды

Қалмұханбет Қасымов: Қазақстанда қылмыстың 14 пайызын ішімдікке құмарлар жасайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маскүнемдікті мәжбүрлеп емдеу жүйесі тиімсіз. Халық алдында есеп берген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осындай пікірде.  Бас полицей жол апатында көз жұмғандар мен елден шығарылған шетелдіктер және есірткі тасымалына Қазақстан қандай іс-әрекеттер жасап жатқандығын да айтты. Бұдан басқа ведомство басшысы кездесуге келгендердің сұрақтарын тыңдады.

Министр Қасымов Қазақстанда жасалатын қылмыстардың 14 пайызы ащы суға тәуелділер еншісінде,-деді. Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау облыстарында маскүнемдіктен заңбұзушылыққа баратындар саны көбейген. Қазіргі кезде учаскелік инспекторлардың бақылауында 67 мыңнан астам ішімдікке әуес және 10 мың қолайсыз отбасы бар. Онда 15 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.  Министр маскүнемдікті күштеп емдеу әдісі Қазақстанда ақсап тұрғандығын айтты.

«Біріншіден, елімізде небәрі 22 наркологиялық ұйымда 2470 маскүнемді емдеуге ғана орын бар. Өткен жылы мәжбүрлеп емдеуге 5200 маскүнем жіберілді. Алайда олардың 700-ден астамы орынның жетіспеушілігінен емделген жоқ. Екіншіден, араққа құмарларды аталған мекемелерге жіберу процедурасының өзінде де формалды кедергілер жетіп артылады. Бұл проблеманы әкімдіктермен және мүдделі органдармен бірлесіп шешу қажет»,-деді ҚР Ішкі істер мининстрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Жыл басынан бері еліміздің жолдарында көлік апатынан 614 адам көз жұмып, 7 мыңы жарақат алған. Көрсеткіштің көбеюіне мас күйде көлік жүргізіп, жол ережесін сақтамайтындар себепкер.

«Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы. 10 мыңнан аса мас жүргізуші ұсталды. Сот тәртібімен 14 мың адам көлік басқару құқығынан айырылды, 1 мыңнан астамы әкімшілік қамауға алынды. Тек биылдың өзінде бір миллионнан астам жол ережесін бұзғандар жазаланды. Олардың үштен бірі бейнебақылау камераларына түскен»,-деді ҚР Ішкі істер мининстрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Тағы бір тақырып - есірткі тасымалы. Жыл сайын Қазақстан арқылы өтетін ауған героинінің 10 пайызы ел аумағында қалады екен. Өткен жылмен  бүгінге дейін Қазақстанда 4 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелген. Еуропалық синтетикалық есірткінің қаупі де ушыққан. Интернет арқылы естен айыратын заттарды таратқан диллер мен химиялық есірткінің күн сайын өзгеретін формуласын қадағалау мүмкін болмай отыр, - деді Қалмұханбет Қасымов. 

«Өзімізді де Шу алқабының қарасорасы төңірегінде ахуал қиындаған. Оңтүстік өңірлерде, әсіресе, Қызылорда облысы халқының бір бөлігі үнді қарасорасын өсірумен әуестеніп алған. Үш жылдың ішінде 154 плантация анықталып, бұл қарасораның 215 тоннадан астамы тәркіленді»,-деді ҚР Ішкі істер мининстрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Бұдан басқа Ішкi iстер министрлiгі өткен жылдан бастап еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған 141 мың өзге мемлекеттің азаматын әкімшілік жауапқа тартқан. Олардың 17 мыңы 5 жылға дейін елімізге кіре алмайды. 20 елдің азаматтары үшін визасыз келу тәртібі енгізілген болса, 45 елдің азаматы 30 тәулікке дейін тіркеусіз жүре алады. Жиынға келген халықты ауладағы тазалық пен тәртіпті бақылайтын камера жүйелері қызықтырды. Ведомство басшысы учаскелік полицей қызметін жақсартуға тырысамыз деген жауап қатты.


Новости партнеров