Қарағандыда балабақша меңгерушісі ата-аналардан қарыз алып, іс-түссіз жоқ болып кеткен

Қарағандыда балабақша меңгерушісі ата-аналардан қарыз алып, іс-түссіз жоқ болып кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағандыда балабақша иесі ата-аналарды сан соқтырды. Күтікті олардан қаржылай қарыз алып, із-түссіз жоқ болып кеткен. Бір қызығы, жәбірленушілер қомақты қаржыны куәгерлердің көзінше, сенімхат жаздырып берген.  

«Ол әрқайсымызға түрлі сылтау айтып, қарыз ақша алды. Сонымен қатар ақша балабақшаның жөндеу жұмыстарына кететінін айтты. Бейнебақылау камера, үш тілде білім беретін оқулықтар аламын деп алдады»,-деді жәбірленуші Юлия ПРОКОПЬЕВА.

70-ке жуық бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан 3 жеке балабақшаның иесі ата-аналарынан түрлі сылтаумен қомақты қаржыны қарызға сұраған. Күдікті 200 мың теңгеден бастап, 2 жарым млн.теңгеге дейін алыпты. Біреуіне бір айда қайтарам десе, енді біріне 3 айда орнына қоямын деп уәде берген. Барлық ақша куәгерлердің көзінше берілген. Сонымен қатар балаларының бірнеше жыл балабақшада тегін тәрбие алатынын да айтқан.  

«Ол қарыз алғанда сенімхат жаздырып алғам. Онда бір айдың ішінде, 1 миллион теңгені қайтарам деп көрсетті. Куәгерлер де болды. Алайда, 1 айдан кейін қоңырау шалғанымда тұтқаны көтермеді. Кейін түрлі сылтау айта бастады»,-деді жәбірленуші Залеш КУЛИШКЕНОВА.

Әзірге, күдіктінің үстінен 22 шағым түскен. Барлығы қарыз беріп алданғандар. Кейін анықталғаны, күдікті әйелге тиесілі 3 балабақша сатылып кеткен. Ал қарыз алған адам өзін банкрот жариялаған. Жаңа балабақшаның иесі мұндай жайттан бейхабар.  

«Балабақшаның жаңа иесі, ешқандай да тегін оқу болмайды. Мен бухгалтер арқылы ақша алмадым. Бейнебақылау камералары да, 3 тілде білім беретін оқу бағдарламасы да сатып алынбағанын айтты. Біз осы уақытқа дейін төлеген ақшалардың барлығы ешқандай шотқа түспеген болып шықты»,-деді жәбірленуші Юлия ПРОКОПЬЕВА.

Қазір жәбірленушілер ішкі істер басқармасына шағымдарын жазып қойған. Күдіктінің үстінен алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Барлық шағымдар қабылданды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Егер, қылмысы дәлелденсе әйел адам 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін»,-деді Қарағанды облысы ІІД ресми өкілі Жаңатай СЕМБЕКОВ.

Тергеу амалдарының жүріп жатқанына екі аптаға жуық уақыт болған. Бірақ жәбірленушілердің сөзінше, күдікті әлі жұмысын жалғастырып жүр. Ал қалалық білім басқармасы бұл жағдайға араласа алмайтындарын жеткізді.  

Өмір Әнуарбек, Қарағанды, Алматы телеарнасы.

Новости партнеров