Суға шомылу маусымы басталғалы бері қапшағайда 12 адам ажал құшқан

25.07.2017 15:04

Алматы облысының құтқарушылары дабыл қағып отыр. Олар суға шомылу маусымы басталғалы бері 12 адамның ажал құшқанын айтады. Дені - қауіпсіздік талаптарын сақтамаған. Сондықтан, олар Қапшағай көліндегі демалушылармен тағы бір мәрте жүздесіп, суға түсердегі тиісті ережелерді бұқараға түсіндірді. Тақырыпты Өмір Әнуарбек жалғайды.

Шомылу маусымы басталысымен, құтқарушылардың жұмысы қиындай түседі. Әсіресе, демалыс күндері қауіпсіздік күшейтіледі екен. Сонымен қатар, жағадағы демалушыларға қауіпсіздік ережелері жазылған парақшалар таратылады. Маманның сөзінше, кейбір адамдар берілген ереженің өзін менсінбей, оқымайды екен.  

«Қайықпен потруль жасаймыз. Машинамен жүреміз. Бізбен бірге төтенше жағдай бөлімі және жергілікті полиция бөлімімен және жедел жәрдеммен бірлесе отырып, осы жағажайда жұмыстар жасаймыз»,- деді Жедел құтқару жасағының маманы,

«Қазір Қапшағайдағы құтқару бөлімінде 34 маман жұмыс істейді. Олар 4 ауысыммен көлдегі қауіпсіздікті тәулік бойы бақылайды»,- деді Ермек АРЫСТАНБАЕВ, Ермек АРЫСТАНБАЕВ.


Құтқарушылар суға кетіп бара жатқан адамды 6 минут ішінде құтқаруы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда демалушы, жан тәсілім етуі мүмкін. Сондықтан мұнда, әр секунд құнды.  

Маманның айтуынша, Қапшағай - су қоймасы болғандықтан, түбінде шұңқырлары көп. Сондықтан тереңдігі 1 метр 60 см болатын жерге арнайы белгілер орнатып қойған. Сол шектеуден аспау керек. Демалушылардың дені мұны біледі. Бірақ, көп жағдайда қауіпсіздік талаптарын елемей жатады.

Шомылу маусымы басталғалы Қапшағайда 12 адам суға кеткен екен. Мамандар тұңғиыққа батып бара жатқан 78 адамды құтқарып үлгерген. Ал, былтырғы жылы 4 адам судан ажал құшқан, 75 демалушыны мамандар ажалдан арашалап қалған.  

Өмір Әнуарбек Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы