Биыл қазақ киносының өмірге келгеніне 90 жыл

 Биыл қазақ киносының өмірге келгеніне 90 жыл
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл қазақ киносының өмірге келгеніне 90 жыл. 1927 жылдың 20-сыншы сәуірінде елімізде «ВОСТОК КИНО» акционерлік қоғамын құру туралы қаулы қабылданған екен. Мұны растайтын құжат Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильмде" ұйымдастырылған тарихи көрмеде алғаш рет қойылды. Одан өзге, жұртшылық назарына отандық, классикалық туындылардағы атақты кейіпкерлердің костюмдері де қаз-қалпында ұсынылды. Мәдени шараға арна тілшілері қатысып, ондағы құнды мағлұматтармен таныс болды. 

Қазақ кинематографының жауһар үлгісі ретінде ұлттық құндылықтар қатарына жатқызылған классикалық туынды «Қыз Жібектегі» Меруерт Өтекешованың киген киімі көпшілік назарына бірден ілікті. Ал ХІХ ғасырдың ұлы ағартушысы Шоқан Уәлиханов туралы фильмдегі басты рөлді сомдаған Сағи Әшімовтың костюмы бір сәтке шығармадан үзінді елестетті. Көрмеде қойылған бұл құнды дүниелер бұрын-соңды халыққа таныстырылмаған екен. 

Қазақстан кинематографиясының пайда болуын, қалыптасуын және жеткен жетістіктерін баяндайтын құжаттамалық көрмеде алғаш таныстырылған аса құнды деректер мен бірегей экспонаттар Президент қорынан алынды. Тәуелсіздік кезеңіндегі ең маңызды құжаттар да осында жарияланған.

«Сол кездегі  РСФСР халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов қол қойған қаулыда 20 сәуір 1927 жылы Қазақстанда «Восток кино» АҚ құру туралы шешім шығарылған. Сондай-ақ, осы қаулыдан кейін туындылар шығып, актерлер дайындалып, бастамасы осылай болған», - деді ҚР Президенті мұрағатының директоры Борис ЖАПАРОВ. 

Мазмұны жағына келетін болсақ, әлгі құжаттардан кино саласына қашанда жіті көңіл бөлініп отырғандығы аңғарылады. Әлі күнге дейін бұл қарқын басылған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында да қазақ кинематографиясы қарыштап дамыды. Отандық туындылар әлемге тарап, биіктен көрініп жатыр.

Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров