«Piano fest Almaty» байқауы басталды. Алматыда осымен екінші рет ұйымдастырылып жатқан музыкалық сайысқа Оңтүстік Корея, Қытай және Қырғыз елінің консерватория, колледж студенттері қатысуда. Талап бәріне ортақ. Олар байқауда қазақстандық авторлардың ғана шығармаларын орындауы тиіс.
Жон Ханның музыка өнеріне деген құштарлығы бала кезден басталған. Осы уақытқа дейін талай сайыста бақ сынап, жүлделі орындарды иеленген. Бұл байқауға дайындалу барысында қазақ шығармаларын ұнатып қалғанын айтады.
«Композитор Қуат Шілдебаевтің туындысын орындамақпын. Шығармада Қазақстанның әсем табиғаты, аттың шабысы, барлығы керемет суреттелген. Байқауға биыл түрлі мемлекеттің үздік орындаушылары жиналып отыр. Үшінші орын, не болмаса дипломға қол жеткіземін деген ойдамын», - деді байқауға қатысушы Жон Хань (Оңтүстік Корея).
«Халықаралық «Piano fest» байқауына екінші рет қатысып жатырмын. Бұйыртса осы колледждің атынан шетелге бармақшымыз. Осы колледж атынан 4 қатысушы Бельгия еліне дайындалып жүрміз», - деді байқауға қатысушы Жансая АЙТЖАНОВА.
Музыкалық фестиваль Чайковский атындағы музыка колледжінде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқаудың бұл оқу орында өтуі кездейсоқ емес. Киелі өнер ордасы елімізге танымал әртістерді тәрбиелеп шығарған. Оқу орнының түлектері бүгінде халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. Биыл да білім ордасының тәлімгерлері үздік атануға барын салмақ. Олар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінген. Консерватория, колледж студенттері және музыкалық мектеп оқушылары. Байқауға қатысушылардың жалпы саны 100-ден асады.
«Қазақстанға ерекше ықыласпен келемін. Өткен жылы қазылар алқасының төрағасы болғанмын. Былтыр сайыс өте тартысты өтті. Қатысушылар саны да көп болды. Биыл да байқау өткен жылдағыдай, тіпті одан да жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын. Қазақстанның мен үшін орны ерекше», - деді «Piano Fest Almaty» халықаралық байқауы әділ қазылар алқасының төрағасы Олег МАРШЕВ (Австрия).
«Бұл конкурстың басты мақсаты - фортепианолық өнерді соны бұдан да жақсы деңгейде насихаттау. Бұл біздің шартымыз. Және де Қазақстан композиторларының шығармаларын міндетті түрде әрбір қатысушы орындайды. Яғни біз өзіміздің ұлттық музыка, соның ішінде инструменталды музыканы насихаттаймыз», - деді П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан ХАСАНҒАЛИЕВ.
Музыкалық бәйгеге Тұңғыш Президент қоры қолдау көрсеткен. Ахмет және Ғазиза Жұбанова атындағы қоғамдық қор олардың шығармаларын орындаушыларға ерекше сый дайындаған. Ал сайыс жеңімпаздары жабылу салтанатында өнер көрсетеді.
Перизат Көмекбайқызы, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы