|
02.08.2017 | 10:50
1956

Алматының Алмалы ауданында арықтар қоқысқа толып жатыр

Алматының Алмалы ауданында арықтар қоқысқа толып жатыр

Алматының Алмалы ауданында арықтар қоқысқа толып жатыр. Ашынған бұқара қобырсыған орынға біздің арна тілшілерін шақырып, мәселені жауаптыларға жеткізуімізді сұрады. Айтуларынша, тұрмыстық қалдықтарға толып жатқан суағарларды ешкім тазаламайды екен. Ал аудан әкімдігі мұнда орташа жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтады. Бар жауапкершілікті көше бойындағы заңды тұлғаларға артқан Алмалы ауданының шенділерімен арнамыздың тілшісі тілдесіп қайтты.

Бұл арықтар арнайы жоспарға негізделіп салынған. Аудан басшылары суағарды төңіректегі саябақ желектерін суару үшін қазыпты. Әуелгі мақсат осындай еді. Бірақ тұрғындар арықтар жаңадан салынса да, қоқысқа жиі қақалып қалады дейді. Салдарынан жиналған су төңірекке тегіс жайылады екен. Ашынған бұқара бұл суреттерді біздің арнаға өздері түсіріп жіберген.  


Аудан әкімдігі арықтарды жасауға қаладағы қос басқарма жауап береді дегенді алға тартады. Бұл жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы екен. Сондықтан, жауапкершілікті мойындарына алғысы жоқ. Ал тазалық жұмыстарын мердігер мекемелерге жүктепті. Аталған жағдайда, Алмалы ауданының әкімдігі тек бақылаушы екендіктерін айтып отыр.

«Гагарин даңғылында қазіргі уақытта орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орташа жөндеу жүргізіліп жатқан жерлерде бұзылған арық учаскелері жасалынып жатады. Тазалығына мердігер мекеме жауап береді. Ол график бойынша бекітілген, тазалап жатыр»,- деді Алмалы аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы, Әкімхан ТӨЛЕГЕН.

Жалпы, биыл Алматыда 15 шақырым арық қайта жөндеуден өтпек. Жұмыстардың басым бөлігі Алатау мен Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарында жүргізілуде. Ал қалалық әкімдік алда тағы 43 шақырымды жөндеу жоспарлап қойыпты. Егер алға қойылған мақсат жүзеге асса, көшелерді су алмайды деп сендіріп отыр.

«Қазіргі таңда жоспар бойынша 1 айдың көлемінде басталады. Қазір жаңа конкурстық процедуралар өтіп жатыр. Мемлекеттік сатып алу процедуралары өтіп жатыр. Сонымен қатар, аудан әкімшіліктері орта жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Биылғы жылы 7,6 шақырым бізде 3 ауданда орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол Жетісу, Бостандық аудандары»,- деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы, Алмасбек ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.

Қазірдің өзінде жұмыстар қызу жүргізілуде. Ол күзге таман толықтай аяқталмақ. 

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

сливы
Новости партнеров

Прямой эфир