Соңғы 6 айда заң бұзған жүк көліктерінің жүргізушілеріне салынған айыппұлдың 52 миллион теңгеден астамы өндірілген. Басым бөлігі, тасымалдауға рұқсат етілген жүк салмағынан артық тиейді. Дәл осындай талапты бұзған тағы да 12 азаматты көлік инспекциясының мамандары анықтады. Айта кетейік, қала ішінде жүгімен қосқанда 25 тоннадан асатын көліктің жүруіне рұқсат етілмейді. Әйтсе де, бұл талапқа пысқырып жатқандар шамалы көрінеді.
Бір сағаттың ішінде тас жолмен өткен әрбір 6-ші темір тұлпар жүк көлігі. Ал олардың әрбір екіншісінен заң бұзушылық анықталды. Басым бөлігі, рұқсат етілген салмақтан артық жүк тиеген. Бірі бұл ісін жеке бизнеске айналдырса, екіншісі – арнайы мекеменің тапсырысын орындап жатқандығын жеткізді. Оған қоса, құмның ылғал болуына байланысты салмағының да артып кеткендігін алға тартты.
Камаз жүргізушісінің жеке меншік мекемеде осы жұмысты істеп нәпақа тауып жүргеніне 40 жылдың жүзі болыпты. Оның артқан айыппұлына енді сол компания есеп айырасатын болады. Ал, құрылыс заттарын бірнеше жылдан бері тасып, күніне кем дегенде 10 мың теңге табатын Дмитрий, өзіне-өзі қожайын. Сондықтан, құқық бұзғандығы үшін де, өз басымен жауап беруге міндетті.
Жеке тұлғалардың мұндай құқық бұзушылыққа жол бергендері үшін 300 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Ал заңды мекемелердің мойнына, тіпті 1 миллион теңгеден астам берешек ілінеді. Аса ауыр әрі ірі жүк көлік жүргізушілерін тыңғылықты тексеру үшін сондай-ақ, тиянақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы «жолда қабылдау» акциясы ұйымдастырылды. .
«Мұндай акциялар әр кварталда өткізіп тұрамыз. Бұл нәтижесін беріп жатыр. Бүгінгі таңда бұрынғыға қарағанда, пайыздық мөлшері өз аяғымен жүріп рұқсат қағаз алып келе жатқан мекемелер көбейді. Көлік инспекциясының мақсаты – республикалық көлемде жолдың ұзақ мерізімде пайдалану және жолдағы адам өмірін сақтап қалу», - деді Алматы қаласы көлік инспекциясының басшысы Руслан БЕКСЕЙІТОВ.
Иә, басты мақсатты орындау үшін де бүгін Алматының бір ғана Алатау ауданында 25 көлік жүргізушісіне хаттама толтырылды. Оның 12-ісінің ережені елемегені үшін айыппұл салынды.
«Ауыр жүк көліктері тауардың үстіне ешнәрсе жаппайды. Ол тоқтағанда бір жолға шашлады. Әсіресе, сұйық ценментті тасыпғанда тоқтағанда бәрі жолға шашылады. 15 тонналық камаз ба 15 тоннадан артық, Қытайдың көлігі оған 20 тоннадан артық тиеуге болмайды», - деді мердігер мекеменің бас инженері Айдар ХАСЕНОВ.
Айта кетейік, соңғы алты айда Алматыда 3 мыңға жуық автокөлік құралдары тексерілген. Оның 900-ден астамының құқық бұзғандықтары анықталды. Ішінде 500-ден көбі жүкті артығымен тиеген. Салдарынан, бір оқпен екі қоянды атқысы келгендердің қалталары жұқаруына тура келді. Олардан бас-аяғы 52 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді.
Әйкерім Ердәулетқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы