Алматыда салық төлеуден жалтарып жүрген қос кафе анықталды

Алматыда салық төлеуден жалтарып жүрген қос кафе анықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кірістер басқармасының мамандары салық төлеуден жалтарып жүрген қос кафені анықтады. Онда 20-дан астам аспазшы мен даяшының заңсыз еңбек ететіндігі белгілі болды. Бұл жолы ескертумен ғана шектелген мамандар кәсіп иелеріне қызметті заңдастыруға мүмкіндік беріп отыр. Егер белгіленген уақытта тапсырма орындалмаса, қарыз соммасымен қосып 150 есе көлемінде айыппұл төлейді.

Кірістер басқармасының мамандары тура түскі астың кезінде салық төлеуден жалтарып жүрген мына кафені тексеруге келді. Кәсіп иесінің салық органдарына тапсырған ресми есебіне сенсек, мұнда ешкім жұмыс істемейді. Тіпті даяшылар да, аспазшылар мен есепші де тіркеуде жоқ. Бірақ көз көргендей, келушілерге он шақты даяшы зыр жүгіріп қызмет көрсетіп жатыр. Ал, шақырылмаған қонақтарды көргенде ешкім таң қалмады. Өйткені, заңсыз жұмыс істейтіндерін өздері де жасырмайды.

Ас даярлайтындар тіпті санитарлы құжаттарын да көрсете алмады. Жұмысшылармен еңбекшарты жасалмаған, зейнетақы қорына төлем мүлдем аударылмайды. Жұмыскерлер айлықты да қолма қол алатын болып шықты. Еңбек келісім шарты туралы өздері де жақ ашпаса керек. Кафеге 2 ай бұрын орналастым деген есепшінің өзі де заңсыз жұмыс істеп жүр екен.

Бұл Медеу ауданындағы табысын төмендетіп көрсетіп, жұмысшыларын жасыратын екінші кафе. Қағаз жүзінде қоғамдық тамақтану орнында ешкім жұмыс істемейді. Бірақ мұнда да негізінде 10 шақты персонал бар. Ал басшы салықшыларды күттіріп кештеу жетті. Айтуынша, жиі шетелде жүретіндіктен, жұмысшыларды тіркеуге уақыты болмапты. 

«Жасыратын түгім жоқ. Аз ғана сомма шығар. Төлейміз бәрін. Бірақ қазір бизнес жүрмей тұр. Жабылатын түріміз бар»,-деді Кәсіпкер, Мақсұт АБДУЛЖАН.

«Егерде 13-ші қарашаға дейін өздігінше салық есептерін қосымша тапсырып, барлық жарналарды, салықтарды бюджетке төлесе, біз салықтық тексеру жасамаймыз. Шамамен 1 млн теңге салыққа берешек болса, осы соммаға 150 есе көлемінде айыппұл салынады. Яғни 1,5 млн теңге көлемінде»,-деді Алматы қаласы Медеу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары, Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ.

Бұл жолы салықшылар тек ескертумен шектелді. Бірақ белгіленген уақытқа дейін кәсіпкерлер жұмысшыларды тіркемесе салыққа түспеген қарыз соммасымен қосып, 1 жарым млн теңге айыппұл төлеуге тура келеді. Өткен айда осындай 12 жекеменшік серіктестік анықталыпты.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, Алматы телеарнасы


Новости партнеров