|
21.02.2018 | 21:40
2241

Алматы әкімі қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы баяндады

Алматы әкімі қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы баяндады

Алматының қоғамдық көліктері қызмет көрсету сапасы жақсартпайынша, жолақысы 1 тиынға да қымбаттамайды. Бұл туралы бүгін шаһар басшысы қадап айтты. Бұдан бөлек, жиында тұрғын үй түйткілі, әлеуметтік көмек көрсету мен коммуналдық тарифтердің құны сынды бұқараны мазалап келген мәселелер көтерілді.

Қала әкімі бүгінгі жиында бұқараны мазалаған мәселелерді көптеп көтерді. Соның бірі жолақы құны. Есте болса, өткен айда жеке тасымалдаушылар жолақыдан түскен ақша шығынымызды толық жаппайды деп, тарифті көбейтуді сұраған болатын. Бірақ әкім бүгін бұл сауалға нүкте қойды. Тасымалдаушыларға бағаны қымбаттатуды сұрамас бұрын, қызмет көрсету сапасын көтеруді ескертті. Тіпті, бұған дейін шу шығарып келген тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасын халық алдында тік тұрғызып, мән-жайды түсіндіруді сұрады.

«Біз бұл мәселені көлік басқармасымен бірге жұмысты жалғастырамыз деп қане қазір айта аламыз. Себебі бұл салада сұрақтар өте көп», - деді  Алматы тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Сәбит АМАНБАЕВ.

«Қиындығымызды тізе берсек, уақыт жетпейді» деп қысқа қайырған төраға мардымды жауап қатпады. Есесіне, шаһар басшысы қоғамдық көліктердің сапасын жақсарту үшін жұмысты әрмен қарай жалғастыратынын жеткізді. Былтыр қаладағы қоғамдық көліктердің 30 пайызы жаңарып, сапасы жоғары 500 автобус сатып алынған. Бұл қарқын осы жылы да жалғасын таппақ. Әкімнің айтуынша, биыл 255 мың тұрғынның жолақы жеңілдігі үшін және  тасымалдаушылардың шығынын жабуға 15 млрд теңге бөлінген.

«Қызмет көрсету  сапасы жақсарғанда ғана, жолақыны көбейту туралы сөйлесеміз. Қостанайда баға 100 теңге екенін айтады, бірақ өздерінің қызмет сапасын көтеруге уәде беріп отырған жоқ. Алматыдағы 80 теңгелік тариф 2012 жылдан бері көтерілген жоқ. 20 жыл ішінде автобус парктері ақшаны күреп тауып келді. Субсидия алды. Ол қаражаттың бәрі қайда кетті? Біз бақылауға алғалы бері жолаушыларды тасымалдау нарығы 20 млрд теңгені құрағаны белгілі болды. Тағы да ескертемін, Алматыда жолақы құны қызмет көрсетуді көтермейінше мүлдем қымбаттамайды», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Бауыржан Байбек кешкі 9-дан кейін жүрісін тоқтататын қоғамдық көлік иелерінің мәселесін май шаммен қарайтынын қадап айтты. Әрі, жауапты басқармаға аялдамаларға жолаушылар көлігінің жүру уақыты мен ара қашықтығы жазылған тақтайшалар орнатуды тапсырды. Сондай-ақ арнайы мобилдік қосымшалардың жұмысын жетілдіру қажеттігін ескертті. Айта кетсек, бүгінгі кездесуде тұрғындарды толғантқан сұрақтардың дені қоғамдық көліктің қызметіне қатысты болды.

«Алғабас ауданы бойынша биылғы жылы бізде 23 аялдама жоспарланған. Биылғы жылдың жартыжылдығында 9-ын орнатамыз. Жылдың аяғына дейін 23-ін. Жаңа сіз айтқандай 207-сі былтырғы жылы инвесторлардың есебінен, 500-і мемлекет қаржы есебінен салынды. Барлығы бізге әлде де 904 аялдама керек. 2000-ға жуық аялдаманың 903 аялдамасы мүлдем жоқ болған біздің қалада. Соның 700-ін салдық, биылғы жылы 250 қала бойынша біз жоспарлап отырмыз»,- деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.

Тұрғын үйдің де құрылысы тұралап қалмайды. Қала билігі төртінші санаттағы, яғни эконом-класс үйлердің санын көбейтпек. Әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді баспана салу басты назарда. Мәселен, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 15 жылға пайызсыз несиемен 5 мың отбасы пәтер алды. 175 пәтер жетімдерге берілді. Сондай-ақ осы жылы жастарды да тұрғын үймен қамту жалғасын таппақ.

«Өткен жылы «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Мұнда жас отбасылар алдын ала төлемсіз 5%-дық кредит алады. 6 мыңнан астам өтініш түсті. Сайт арқылы ашық іріктеу жолымен балдық жүйе бойынша 100 өтініш мақұлданды. Іріктеу кезінде жастардың отбасындағы бала саны, қаладағы жұмыс өтілі және әлеуметтік жағдайы есепке алынды. Жоғары сұранысты ескере отырып, биыл бағдарламаны жүзеге асыру аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Осы жылы бұл мақсатқа екі есе көп қаржы - 2 млрд. теңге қарастырылатын болады», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қаладағы 90 мыңнан астам тұрғынға әлеуметтік көмек көрсету үшін 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Соның арқасында 3 мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі жан мен 4 мыңға жуық зейнеткер санаторлық ем қабылдаған. 2000-ға тарта әлсіз топқа ай сайын коммуналдық тұрғын үй көмегі беріледі. Осы ретте Бауыржан Байбек жыл сайын коммуналдық тарифтерді көтеруге талпынатын монополистердің жұмысын қатаң тексеретінін жеткізді. Ал тегін көмекпен қаладағы білім ошақтары қамтылмақ. Бүгінде мектептерде 13 мыңнан астам оқушыға тегін тамақ беріледі. Әрі, ұстаздар мен тәрбиешілердің жалақысын көтеру де жалғасын таппақ.

Шаһар басшысы мектеп қабырғаларында арнайы үйірмелер ашу мәселесін де назардан қалдырмайтынын атап өтті. Айта кетсек, бүгінгі жиында 26 тұрғынның сауалы тыңдалды. Оның көпшілігі қоғамдық көлік мәселесіне қатысты болса, қалғаны жол, ауыз су, көше жарығы мен аулаларды көріктендіруге бағытталды.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир