Құбылып келетін коммуналдық төлемдерден шаршаған алматылықтар наразылық танытты

Құбылып келетін коммуналдық төлемдерден шаршаған алматылықтар наразылық танытты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы 6-шы шағынаудан тұрғындарынан коммуналдық төлемақының түбіртегі келген сайын маза қашады. Олар жылуға келетін есепшоттағы сома тым көп деп шағымданады. Қысқасы, ыстық су мен жылудың тарифін түсінбей әлек. Себебі, көрші үйлерге келетін есепшоттардағы баға айырмашылығы жер мен көктей.

«Біреудің қарызын біз төлеп жатырмыз» деген тұрғындардың болжамы ғана. Бірнеше айдан бері құбылып келетін коммуналдық төлемдерден шаршаған олардың басқаша ойлауға амалы қалмаған.

«Қараңыз, қараша айында жылудың шаршы метріне 38 теңге, желтоқсанда 93 теңге, ал, қаңтарда 140, ақпанда 170 теңге болып келді. Яғни, бір пәтер қарашаға 4 мың теңге төлесе, қазір 10 мың», - деді Валерия ЗАХАРОВА.

Тұрғындардың айтуынша, оларға екі жыл бұрын түгелдей есептеуіш құрал қойдыртқан. «Осыны орнатсаңдар, төлемдерің 40 пайызға арзан келеді» деген уәдесі тағы бар. Алайда, төлемдер керісінше күн санап өсуде, дейді.

«Есептеуіш құрал жұмыс істеп тұр. Осыны қояр кезде 40 пайызға дейін арзан болады деген. Неге мұндай жағдай болып жатқанын білмеймін», - деді Әуезов аудандық пәтер иелері кооперативінің инженері Марлен ӨМІРБЕКОВ.

Тұрғындар жылу бағасының өзге үйлерден бірнеше есе артық боп келетіні аздай, тағы қосымша түсініксіз сомалардың қосылып келетінін айтады. Төлемдерді кешіктірмей төлейтін кей тұрғындарға, тіпті, қарыз ақшалар жазылып тұрады екен. Жиналған жұрттың көптен бері көкейін тескен сұрақтарға жауап беру үшін Алматы жылу жүйесі басшысының орынбасары да келді.

Алматы жылу жүйесінен келген маман «тариф бір болғанмен, төлемдер түрлі болып келе береді. Шаршы метрдегі баға температураға байланысты» деп жауап қатты.

«Дәл қазір тұрғындардікі дұрыс, не бұрыс деп айту қиын. Әрқайсының мәселесін жеке-жеке қарау керек», - деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС директорының орынбасары Наталья КАЗАКОВА.

Ал ыстық судың жайы бір бөлек. Жылы суды сораптап ағызуға тура келеді, дейді тұрғындар.

Шендінің сөзіне көпшілік шамданып қалды. Маманнан мардымды жауап болмаған соң, Әуезов аудандық әкімдігіне хабарластық. Мәселеден хабардар екенін айтып, жақында шешуге тырысамыз, деді. Алайда, сұхбат беруден бас тартты.


Тоғжан Аман, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров