Алматыда жолаушылар тасымалдайтын тағы 20 автобус жұмысын бастады

31.10.2017 20:31

Алматыда жолаушылар тасымалдайтын тағы 20 автобус жұмысын бастады. Бұл қоғамдық көліктер 103 бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Биыл жыл соңына дейін қосымша 250-ден астам көлік сатып алу көзделіпті. Қоғамдық көліктердің сапасымен қала әкімі Бауыржан Байбек арнайы танысып шықты. Жаңадан жеткізілген автобустар экологиялық таза, соңғы үлгіге сай жасақталған.

Бұл жаңа қоғамдық көліктер белгіленген соңғы үлгілерге сай, 108 адамға шақталып құрастырылған. Салонында салқындатқышы мен бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал сырғытпа баспалдақ арбалы адамдарға, қарттар мен балалы аналарға ыңғайлы болмақ.

«Қазір жүргізушілермен сапа жағынан жұмыс істеу керек. Темекі шекпеу керек, айқайламау керек, музыканы айқайлатып қоюға болмайды. Жұмыс орны болғандықтан тәртіп сақтау керек. Себебі, басқа адамдар шаршап келеді. Негізгі мәселе, біз сапалы автобустарды қойсақ, олар уақытысында жүрсе, онда ақырындап-ақырындап бар адамдар автобусқа көшеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Бұған дейін 103 бағыты бойынша жолаушылар тасымалдайтын мекеме жұмысын тоқтатқан еді. Қоғамдық көліктердің жүрісі сиреп, техникасы ескірген болатын. Осыған орай Алатау ауданының тұрғындары автобустың сапасын талай рет сынға алған. Себебі қаланың екі шетін байланыстыратын бұл маршрут халық үшін ыңғайлы.¤¤

Бұрын 103 бағыты бойынша бар-жоғы 6 автобус қызмет көрсететін болса, енді бұл маршруттың жүрісі жиілей түспек. Қазір халықты 17 автобус үздіксіз тасымалдауда. Тағы 2 көлік резервке алынған. Қаладағы автобус парктері құрамын толықтыруды әлі де жалғастырады. Жеке меншік тасымалдаушы мекемелер 254 көлік сатып алуды жоспарлаған. Айта кетейік, өткен аптада бұдан өзге 50 жаңа автобус жеткізілген болатын. Олар № 50, 112 және 126-шы бағыттар бойынша жолаушы тасымалдай бастады. 

Назкен Байтілес, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы