"Шымбұлаққа" кіру бағасы - 35 пайызға төмендеді

"Шымбұлаққа" кіру бағасы - 35 пайызға төмендеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Шымбұлаққа" кіру бағасы - 35 пайызға төмендеді. Мұндай жеңілдік сырғанау маусымының аяқталуына орай ұйымдастырылып жатыр. Науқанға қатысу үшін арнайы купон ұсынылады. Бұл кепіл қағаз - ұтыс ойынына қатысуға мүмкіндік бермек. Ал, жүлдегерлерге қомақты сыйлықтар қарастырылған. Тау-шаңғы кешені салауатты өмір салтын ұстанғандарға осындай тосын сый әзірлеп отыр.            

Қазір Шымбұлақта шаңғы тебудің нақ қызған шағы. Күн жылынып, жұрт жаппай тау жағалайды. Осыны ескерген кешен қызметкерлері көңіл қызығарлық шаралар ұйымдастыруда. Мәселен, бүгіннен бастап "Шымбұлақ" демалыс орнында жеңілдіктер маусымы басталды. Науқан аясында кешенге кіру бағасының жартысын ғана төлеуге мүмкіндік туады.  

«Қазір біз бағаны түсірдік. Кешенге кіру бағасы ересектер үшін аптаның жұмыс күндері  4500 теңге болса, демалыс күндері 6500 болатын. Ал қазір сырғанауға барлық алматылықтарды шақырамыз. Өйткені біз қосымша 2000 теңгелік жеңілдігі бар купон беріп жатырмыз.  Бұл рұқсат қағазы 16 сәуірде өтетін ұтыс ойынына қатыса алады.  Ең басты сый - Шымбұлаққа бір жылға берілетін тегін абономент»,- деді "Шымбұлақ" ТШК маркетинг бөлімінің басшысы, Владислав СЕМЁНОВ. 

Шаңғының шаңын шығарып сырғанау маусымы басталса да, қазір шың басындағы қардың көшу қаупі өте жоғары. Соңғы бір аптаның өзінде Шымбұлақ аумағында 12 рет қар көшкіні жүріпті. Ал арнайы мамандар тау басындағы қарды 7 рет қолдан түсірген. Демалушылардың тыныштығы мен қауіпсіздігін Павел Майоров пен оның құтқару тобы күні-түні күзететін көрінеді. Қазір аймақтың қауіпсіздігіне жауапты 12 құтқарушы бар. Жаппай сырғанау кездерінде немесе демалыс күндері келушілер қатары көбейіп, құтқарушылар қызметінің міндеті еселей түседі екен. Десе де мамандар кез келген қауіпке төтеп беруге сақадай сай. 

«Қар көшкіні өте қауіпті кез - ол көктем мезгілі, дәлірек айтсақ, түскі уақыт. Өйткені көктемде күн райы күрт жылып, қардың құрылымы ылғалданады. Салдарынан көшкін жүруі мүмкін. Осыған орай, біз көшкін қаупін аңғартатын жалаушалар мен арнайы ескерту белгілерін орнаттық»,- деді Құтқарушы, Павел МАЙОРОВ. 

Айта кетерлігі жеңілдік науқанына тұрғындармен қоса қала қонақтары да қатыса алады. Алматыға сан рет келсе де, Шымбұлаққа биыл алғаш рет ат басын тіреген саяхатшы тау табиғатына тамсанғанын жасырмады.¤

«Мен Алматыға 5 жыл бұрын келдім. Шымбұлаққа бірінші рет келіп табиғатқа ерекше ықылас таныттым. Шаңғыны қалай тебу керектігін осында үйрендім. Шымбұлақ - ережелерді білмейтін жаңа шаңғы тебушілер үшін ыңғайлы жер»,- деді Турист, Эхо КОНГ. 

Ал жеңілдіктер науқаны сәуір айының ортасына дейін жалғаспақ. Ұтыс ойынына қатысып, жүлдегер атанғандарға парапланмен ұшуға, спорт дүкендеріне, әуебилеттері бар сертификаттар, қонақүйлер мен демалыс орындарына, Мәншүк Маметова атындағы шыңға жолдамалар табысталады. Ең басты жүлде - Шымбұлақ кешеніне бір жылдық абонемент берілмек.

Назкен Байтілес, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы





Новости партнеров