Екатерина Парафиеваны екі аяғынан айырған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот жалғасуда

Екатерина Парафиеваны екі аяғынан айырған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот жалғасуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Екатерина Парафиеваны екі аяғынан айырған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот жалғасып жатыр. Кезекті процессте Toyota Camry-дің жүргізушісі қайта сұралды. Жол апатына қатысы бар болса да, істе тек куәгер ретінде қатысып жүрген Ұлан Әбдіуәлиев процеске қорғаушысымен бірге келді. Сотта ол берген жауаптарынан әбден шатасты. Осыған дейін оның жол қозғалысы кезінде телефонмен сөйлескені детализация арқылы анықталған еді. Ал Парафиеваның қорғаушысы қойған моральды шығынды өтеу туралы сұрағына Әбдуәлиев «кінәлі емеспін» деп жауап берді. Одан бөлек, Дәурен Жаңабаев басқарған автобустың иесі де сұралды. Ол да жол апатына қатысы жоқтығын мәлімдеп отыр. Есте болса, алдыңғы процесте зардап шеккен келіншектің қорғаушысы 20 млн теңге өтемақы талап еткен болатын.

«Менің есімде жоқ. Оқиға бірнеше ай бұрын болды. Іс созылып кетті. Мені жауапқа тартып, кінәні артқыларыңыз келеді. Ол күні сол жақ шеткі қатармен келе жаттым. Сағатына 70-80 шақырым жылдамдықпен. 50 метрдей жерден ашық люк пен тоқтап тұрған көлікті байқадым. Айнаға қарағанда көлік болмаған. Бірнеше секундтан кейін соққы болды. Жол полициясы мен автобус иесінің тарапынан заңсыз әрекетті байқадым. Жаңабаевтың орнына түсініктемені автобус иесі жазды. Ал қызметкер оған айтып тұрды», - деді  куәгер Ұлан ӘБДІУӘЛИЕВ.

Келесі процесске жол апатына қатысты деректі тергеген ішкі істер басқармасының қызметкерлері мен жол полициясы шақыртылады. Олар сот алдында қорғаушылардың сұрақтарына жауап бермек. Қаперде болса, маусым айында Әл-Фараби даңғылы бойында ірі жол апатынан Екатерина Парафиева қатты зардап шеккен болатын. Тіпті, дәрігерлер Екатеринаның өмірін аман сақтап қалу үшін қос аяғын кесуге мәжбүр болған еді.


Новости партнеров