«Алматы» телеарнасы көрермендерді жаңа туындыларымен қуантпақ

«Алматы» телеарнасы көрермендерді жаңа туындыларымен қуантпақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы телеарнасының  тынысы тағы да  ашыла түсті. Біздің арнаның қадірменді көрермендері үшін келесі аптадан бастап жаңа бағдарламалардың тұсауы біртіндеп  кесілмек. Ал қорытынды жаңалықтардың уақыты дүйсенбіден бастап кешкі сағат 19.00-де тікелей  эфирде көрсетілетін болды. Тіпті, туыс пен таныстардың ыстық сәлемі мен бұйымтайын қабыл алатын тың жоба да сәуір айының бірінен бастап көгілдір экранға жол тартады.

Көзі қарақты көрерменге жол тартқалы отырған бағдарламаның бірі- «Ақшам алаң». 20 минуттық жоба-бұқараның билікке айтар бұйымтайын басты назарға ала отырып, қараша халықтың әлеуметтік мәселелерін мейлінше қамтымақ. Өзекті өртейтін, шымбайға батқан шындықты бүкпесіз тікелей эфирде талқылайтын тың жоба дүйсенбі мен бейсенбі аралығында кешкі сағат 19:25-те көрсетіледі. 

«Тікелей эфир кезінде бізге тұрғындардан қоңырау қабылдай алатындай жағдай жасаймыз деген ойдамыз. WhatsApp Messenger де жұмыс істейтін болады. Одан қалды, біздің «Алматы» телеарнасының фейсбуктегі, ютубтегі парақшалары, осының барлығында бағдарлама тікелей эфирде көрсетіледі. Көрермендер тақырыптарға ортақтасып,өздерінің сауалдарын студияға келетін меймандарға жолдаса болады», - деді жоба жүргізушісі Дастан САПАШОВ.

Жаңа мауысымдағы жаңа жобаның тағы бірі -«Асықпайық» деген атаумен көгілдір экранннан көрсетілмек. Алатаудың баурайындағы әсем Алматының сұлулығын паш ететін ерекше бағдарлама. Идея авторы бұл бастама туризм саласына серпін беретіні сөзсіз екендігін алға тартады. 

«Асықпайық» деген атау асық деген сөзден алынған. Өйткені, бізде асық фишка ретінде жүреді. Екі жүргізуші асықты лақтырып, баратын орынды таңдайды. Мысалы, картаның үстінен лақтырады да, қай жерге асық алшысынан түседі, сол жерге жүргізуші барып, сол жер туралы айтып береді. 1 сәуірден бастап түскі сағат 13.00-де әр жексенбі сайын болады», - деді жоба жеткшісі Азамат БОСЫМБЕКОВ.

Енді кез келген көрермен ағайын-туысын, ет жақындары мен сүйіктілерін біздің арна арқылы құттықтай алады. «Селфи сәлем» бірегей бағдарламасы тұрғындардың құттықтаулары мен сәлемдемелерін қабылдап, көгілдір экраннан көрсетеді. Тілек білдірушілер өздерінің видео-сәлемдемелерін музыканың сүйемелдеуімен түсірулері керек.

«Бағдарлама басталмай жатып, хабарласып, сұрап жатқандар бар. Оның өзінің ережесі бар. Ұялы телефонды көлденең ұстап тұрып, өзінің жүрекжарды тілектерін айтып, артынша ән айтуларына болады, би билеуге болады. Тіпті, флешмоб ұйымдастыруға болады. Бұл халықтық жоба. Біз жағырафия жағынан да шектелмейміз. Жоба 1 сәуірден бастап таңертенгі сағат 09.00-де эфирге шығады. Әр апта сайын сенбі күні сағат 10.00-де және қайталануы жексенбі күні сағат 09.00-де болады», - деді меншікті өндіріс департаментінің директоры Дана БАҚТЫҒАЛИЕВА.

Сериал көретін сүйікті көрермендерге де қуанышты хабар. Енді төрткүл дүинеге әйгілі болған Сүлеймен патша туралы фильм біздің арнадан көрсетіледі. «Сұлтан Сүлеймен» сериалын дүйсенбіден-жұмаға дейін кешкі сағат 19:55-те  тамашалай аласыздар.

Бұл былтыр ғана есігін айқара ашқан телеарнаның жаңа студиясы. Бұл бұрышта жаңа фортамтағы таңғы бағдарламаның түсірілімі болса, екінші шетінде өзге де әлеуметтік жобалар жазылады. Ал мұнда әдеттегідей қорытынды жаңалықтар жалпақ жұртқа тікелей эфирде жеткізіледі. Айтпақшы,  ақпараттық сараптамалық бөлімінің тілшілері дайындаған жаңалықтар  легі дүйсенбіден бастап, тікелей эфирден кешкі сағат 19.00-де көрсетілмек. 


Әйкерім Ердәулетқызы, Рәшит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров