Алматыда электроавтобустар құрастырылып жатыр

Алматыда электроавтобустар құрастырылып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда электроавтобустар құрастырылып жатыр. Қоғамдық көліктердің бұл түрі - ТМД аумағында алғаш болып біздің елде жасалуда. Арнайы зауыт Алматы төңірегінде былтыр ашылған. Отандық ғалымдар қытайлық әріптестерімен бірігіп, қазір 2 автобусты құрастырып қойған. Әзірге, олардың қай уақыттан бастап жолаушы тасымалдайтыны белгісіз. Мамандар электроавтобустардың өте ыңғайлы әрі көп шығынды қажет етпейтінін айтады. Олар  толықтай қуат көзімен жүреді. Батареясы 70 шақырымды оп-оңай еңсеруге жетеді екен. Бұл - қаланы бір рет шарлап шығумен пара-пар. Оның үстіне, 8 минутта-ақ қуатталады.                                                       

«Алматылық холдинг қытайлық компаниямен келісім-шартқа отырған. Соның негізінде, электроавтобустарды Алматыдағы зауытта құрастыруға рұқсат бар. Оның үстіне, ІТ-мамандығын игеріп жатқан білімгерлерді дайындайтын орталықты да осы орыннан ашуға болады. Бұл - мамандардың тәжірибие жинақтауына мол мүмкіндік»,- деді Компания менеджері, Роман МИРАЗИМОВ.

Қазір зауытта 25 адам жұмыс істейді. Олар бұл қарқынмен жылына 300 электроавтобус құрастыруға қауқарлы екен. Егер сұраныс артып жатса, онда 1000 көлікті жасауға дайын. Электроавтобустардың құны дизельмен жүретін еуропалық көліктерге қарағанда 40 мың долларға қымбат. Алайда, экологияға зияны жоқ, жанармай мен отынды қажет етпейді. Бұл - кеткен шығынды толықтай өтейді дейді мамандар. Алматыда бұл көліктердің жүруіне рұқсат берілсе, қосымша қуаттайтын бекеттер салу жоспарлануда.                                   




Новости партнеров