|
24.01.2018 | 16:26
2864

Астанада үсік шалған отыз шақты адам дәрігерлер көмегіне жүгінді

Астанада үсік шалған отыз шақты адам дәрігерлер көмегіне жүгінді

Астанада үскірік аязда үсік шалған отыз шақты адам дәрігерлер көмегіне жүгінді. Екеуі ауруханаға жатқызылған. Ал 30-дан аса үйсіз адам бейімдеу орталығына жеткізіліпті. Қақаған аяздың күшеюіне орай, тіпті Үкімет басшысы астаналық жұмыскерлерді үйге ерте жіберуге кеңес берді.

Синоптиктер ауа райының суытуы кемінде бір жетіге жалғасады, дейді. Қарапайым халықтың жағдайын жергілікті биліктен бөлек, Үкіметтегілер де ескеріп жатыр. Премьер -министр Бақытжан Сағынтаев қара суықта қоғамдық көлік жайын қадағалап, әкімдік қызметкерінің жұмыс кестесін реттеуін тапсырды.

«Бірыңғай диспетчерлік 112 кезекшілік желісі жүктемелерге қарамастан, үзіліссіз жұмыс істеуі керек. ІІМ автожолдардағы қозғалысты бақылап отыруы тиіс. Қажет болған жағдайда барлық көлік түрі үшін қозғалысты тоқтатып, xалыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ апатты-құтқару бригадалары шұғыл медициналық қызметті алып жүруді қамтамасыз етуі тиіс. Мемлекеттік органдар мен жекеменшік компанияларға жеке өзімнің айтарым: қызметкерлерді үйге ертерек жіберіңіздер, мүмкіндігінше жеткізіп тастаңыздар», - деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Антициклонның әсерінен еліміздің батыс пен оңтүстігінде аздаған жауын-шашын жауса, басым бөлігінде ауа райы қалыпты болады. Түнде қатты аяз Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында тұрса, Павлодар облысының кей жерінде қара суық тым қатты сезілетін болады. Әлемнің ең суық астаналардың тізімінде Ұлан - Батордан кейін тұрған біздің Астанада термометр бағанасы таңертең минус 38 -ді көрсетті.

«Қаңтардың 20 мен 22 аралығында бізге 31 науқас қаралды. Соның ішінде 2 науқасты біз ауруханаға жатқыздық. Сараптама жасап қарайтын болсақ, адамдардың қолдары, аяқтары, саусақтары, құлақтары, ашық жерлері ғана үскен. Саусақтары 9 жағдайда, аяқтары 5 жағдайда, құлақтары 5 жағдайда үсіген», - деді Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы  Желеухан ПІРІМҚҰЛОВ.

Ал полицейлер тұрақты мекені жоқтарды бейімдеу орталықтарына жеткізіп жатыр. Бір тәулік ішінде 30-дан астам қаңғыбасқа көмек көрсетілген.

«Қазіргі уақытта ауа райының салқындауына байланысты біз бүкіл қала бойынша тірек пункттеріне хабарласып, далада қаңғып жүрген, үй-күйі жоқ адамдарды іздеп, осы орталыққа жеткізіп, әлеуметтік көмек көрсету үшін орталыққа әкеліп жатырмыз. Бүгінгі күнге 27 қызмет алушы келді», - деді Астана қаласының әкімдігінің «Өмірде қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» директорының орынбасары Динара ШАЙПИНА.

Астаналық 20-шақты көлік жүргізушілері қайырымдылық шара ұйымдастырып көшедегі жаяу адамдарды қажетті жеріне тегін жеткізіп жатыр. Олар

«Нұр Астана» мешітінің маңында жиналып, игі бастамаға басқалардың да қатысуын насихаттады.

«Қазіргі 8-ден кетсе, кешке, жатар уақытқа дейін шамамыз келгенше көмектесеміз. Елдер аялдамада тұрып қалмайтындай үйлеріне апарып тастап, кете алмай тұрған кісілер болса, апарып тастаймыз.  Қаланың ішінде ғой, көмек жасайық деп, дайындалып, келіп отырмыз», - деді ерікті Нұрланбек МАХАНЖАНОВ.

Алдағы күндері аязды ауа райы Қазақстанның бірнеше аймағында әлі де сақталады.  Сондықтан мамандар алыс жолға шығудан бас тартып, үсіп қалмас үшін қала ішінде де барынша сақтық шараларын сақтауға шақыруда.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир