АрМИ-2018: Қазақстанда 11 елден келген сарбаздардың халықаралық жарысы басталды

АрМИ-2018: Қазақстанда 11 елден келген сарбаздардың халықаралық жарысы басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда «АрМИ-2018» халықаралық әскери ойындары басталды. Отар 40-шы әскери базасында өтіп жатқан биылғы додада алғаш рет әскери байланысшылар арасында жарыс өтуде. Одан бөлек, артиеллериялық оқ ату мен ұшқышсыз басқарылатын әуе аппараттары сайысы өтеді.

Жалпы, «АрМИ-2018» әлемнің жеті мемлекетінде өтіп жатыр.  

Байрақты бәсеке «Рухани жаңғыру» атты театрландырылған қойылымнан басталды. Сарбаздар патриоттық ән шырқап, бишілер қалың көрерменге өнерлерін паш етті. Сонымен қатар, пилотаж топтары мен парашюттік командалар да әуеде түрлі қойылымдар көрсетті. Еліміздің Қорғаныс министрі сайысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеп, халықаралық әскери ойындарының ашылуымен құттықтады.

«Бүгінде халықаралық армия ойындарын өткізудің өзіндік игі дәстүрі қалыптасты. Біздің елдердің әскери қызметшілері ойындар шеңберінде қарым-қабілеттерін шыңдап, кәсіби деңгейін арттыруда. Биылғы армия ойындарына келген мәртебелі меймандарға шексіз ризашылығымды жеткізіп, армия ойындарына қатысушы командаларға тек табыс тілеймін!», – деді ҚР Қорғаныс министрі Сәкен ЖАСҰЗАҚОВ.

Керзі етік киіп, қару асынған шетелдік әскерлер Қазақстанға тек бас жүлде алуға келдік дейді. Олар тартысты додада бақтарын сынап, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтауға бекінген. Тіпті өздерінің техникалары мен қаруларын да алып келгендер бар.

«Біз қару жарақтарымызды өзіміз алып келдік. Әр команданың өз құрылғыларымен сайысқа түскені дұрыс. Бүгін ауа райы да керемет болып тұр. Жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын. Жарыс аяқталғанша күн райы бұзылмай тұрса екен. Қарсыластарға сәттілік тілеймін!», - деді РФ  Орталық әскери округінің баспасөз қызметі басшысының орынбасары Андрей ИГНАТЬЕВ.

Жарысты Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь сарбаздары бастады. Жауынгерлер түрлі кедергілерден өтіп, нысанаға дәл тигізулері керек. Командалар бірінші айналымда пулеметпен, екіншісінде минаметпен, соңғы айналымда гранатаметпен және автоматпен атады. Жеңіске жету үшін жылдамдық пен дәлдік қажет. Өйткені, нысанадан мүлт кеткен топ қосымша тағы бір айналымға жіберіледі.

Биылғы әскери ойындарға төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен 11 команда келген. Жарысқа ұзын-ырғасы 200-ден астам сарбаз қатысып жатыр. Олар бес қаруын сайлап, сайыста топ жаруға білек сыбанған. Айта кетейік, халықаралық әскери ойындары 9-шы тамызға дейін жалғасады.

Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан


Новости партнеров