Жамбыл облысындағы пойыз апаты: жолынан кешіккен жолаушыларға ақшалай өтемақы төленеді

Жамбыл облысындағы пойыз апаты: жолынан кешіккен жолаушыларға ақшалай өтемақы төленеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында ауыр жүк тиелген пойыздың неліктен аударылғаны белгілі болды. Мамандардың айтуынша, бір вагонның шанағынан ақау шығып, қалғандарын рельстен шығарып жіберген.

2009-шы жылы қолданысқа берілген жүк көлігінің бұзылған бөлшегі қазір жіті тексеріліп жатыр.

Есте болса, оқыс оқиға 31-і күні Мойынты – Шығанақ аймағында таңғы сағат 8-ден 5 минут кеткенде орын алды. Ал темір жол апатының салдарынан аймақта уақытша қозғалыс тоқтады. Сондықтан, 5 жолаушы пойызы діттеген жеріне кешігіп жеткен.

«Иә, шанағының бір бөлшегі сол вагондардың құлауына себепкер болды. Барлығы 11 вагон. Сол жердегі бар жұмыс уақытында істелді. Сәл бұрын берілген ақпарат бойынша, сағат 22:00-де жолдарды ашамыз дегенбіз. Міне, енді жолдарды аштық», – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ қауіпсіздік жөніндегі вице-президенттің міндетін атқарушы Марат ШАКЕНОВ.

Абырой болғанда, темір жол апатынан зардап шеккендер жоқ. Ал 3 мыңнан аса жолаушыға қолайсыздық тудырғаны үшін «Қазақстан теміржолы» АҚ ақшалай өтемақы төлейтін болды. Оны акционерлік қоғамның кез келген кассасынан алуға болады. Қазірше тиісті төлемді алуға ешкім келмепті.  

«Еліміздің инвестиция және даму министрлігі бекіткен жолаушыларды тасу ережесі бойынша әрбір күткен сағат үшін билет құнынан 3 пайызды қайтаруға міндеттіміз. Бірақ билеттің өзіндік құнынан артық емес. Кешіккен пойыздардағы адам саны белгілі. Біздің бригадалар уақытында жұмыс істеп, келтірген қолайсыздықты дер кезінде жоюға тырысты», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Арман СҰЛТАНОВ.

Айта кетсек, осыдан бір жарым ай бұрын дәл осы Жамбыл облысында Астана-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының 8 вагоны аударылып қалған еді. Шу стансасы маңында болған апаттан бір бала қайтыс болып, оншақты адам жарақаттанған. Ол кезде де жауаптылар зардап шеккендерге өтемақы төлейміз деп уәде берген еді.  


Новости партнеров