Жаңа оқу жылының басталуына екі апта қалды. Кей өңірлердегі мектептерде күрделі жөндей аяқталмаған, ал кей облыстарда оқушылар тасымалы мен ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Үкімет отырысында премьер-министр осы мәселені қолға алуды тапсырды. Барлық өңір әкімдері бірінші қыркүйекке дейін олқылықтың орнын толтырулары қажет.
Білім министрі әдеттегідей сандармен сөйледі. Ерлан Сағадиев биыл бірінші сыныпқа 380 мың бүлдіршіннің баратынын мәлімдеді. Ол өткен жылмен салыстырғанда 10 мың 500 балаға артық. Осы кезге дейін 20-дан астам жаңа мектеп салынса, 1 қыркүйекке қарай республика көлемінде тағы 35 мектеп есігін айқара ашпақ. Бас ұстаз барлық жұмыстардың 25 тамызға дейін аяқталатынын мәлімдеді. Бірақ мұндай есеп Үкімет басшысының көңілінен шықпаған секілді. Облыс басшыларына тапсырма беріп, барлық жұмыстың 1 қыркүйекке дейін аяқталуын нақтылады.
«Баяндамадан байқағанымыздай, дайындық жаман емес. Бірақ шешілмеген мәселер бар. Күрделі жұмыс, ағымдағы жұмыстар толық бітпеген. Сондықтан құрметті облыс әкімдері, біз сіздерден сұрайтынымыз, аталған проблемаларды 1 қыркүйекке дейін шешу керек», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ал Үкімет қабырғасында Білім министрі қосымша бөлінген грантқа байланысты түсінік берді бізге. Сағадиевтің айтуы бойынша, республикалық комиссия жақсы жұмыс атқарыпты. Оған ата-аналар да риза екен. Бұдан бөлек, министр түлектерге тиісті көмек көрсеткені үшін облыс әкімдеріне алғысын блдірді.
«Гранттарды бөлу мәселесі бойынша бізде көптеген сұрақтардың туындағаны рас. Ата-аналарға уәде бергенімдей, ол мәселелерді Үкімет отырысында көтердім. Жақын арада шешішін табады деп ойлаймын. Егер қандай да бір өзгерістер болып жатса, халыққа ескертеміз», - деді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.
Енді шикізаттық емес тауарлар көлемі екі есеге артады. Мұндай жағымды жаңалықты ұлттық экономика министрі айтты. Тимур Сүлейменовтың айтуынша, ол «Қазақстан -2050» стратегиясының аясында жүзеге аспақ. Қазіргі жағдай ескеріліп, Қазақстанның 10 жылғы экспорты есепке де алынып қойыпты. Шетелдік тәжірибе де шет қалмаған.
Сонымен қатар, заң жобасының нормалары қайта қаралады. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, қазақстандық тауарды өзге мемлекетте таныту үшін кешенді жұмыстар атқарылу керек. Экспортты дамыту үшін қаржылық, қаржылық емес көмек көрсетумен қатар, күнделікті кездесетін кедергілерді жою керектігін баса айтты министр.