Сенат отырысында БЖЗҚ-ның әзірбайжандық банкке салған инвестициясы сөз болды

Сенат отырысында БЖЗҚ-ның әзірбайжандық банкке салған инвестициясы сөз болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Банкротқа ұшыраған Әзірбайжан банкінде қалған «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» қомақты қаржысы Қазақстанға қашан қайтарылады? Сенат депутаттары бұл сұрақты Қаржы министріне қойды.  Министр қаржы қайтарылады деген уәде берді.

Ақпанның 1-нен бастап Елбасы Жарлығымен «Нұр Отан » партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылған Мұхтар Құл- Мұхаммедті ақпанның 5-күні Орталық сайлау комиссиясы оны депутат ретінде тіркеген болатын. Ал кеше ресми түрде халық қалаулылары қатарына қосылды. Сонымен қатар, жиын барысында  ол халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздіктің тұрақты комитеті құрамында жұмыс істеуге ниет білдірген болатын. Депутаттар бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде оны құттықтап, жаңа қызметіне табыс тіледі.

«Өздеріңіз білетіндей, Президент Жарлығымен Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Сенат депутаты болып тағайындалды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мұхтар Абрараұлы көптеген мемлекеттік қызмет атқарып келе жатыр. Парламенттің екінші шақырылымындағы депутат болған. Тәжірибелі тұлға. Сенат жұмысына өзінің қомақты үлесін қосады деп сенемін», - деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін, еліміздің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан Әзірбайжан банкіне аударылған 71 млрд теңгеден астам қаржының тағдыры сөз болды. Осы тұста Бақыт Сұлтанов кеткен сома 100 пайыз  қайтады, дейді. Демек, екі ел арасындағы келісім сәтті жалғасып жатқан көрінеді. Қазірдің өзінде, аталмыш соманың белгілі бір бөлігі түскен пайда ретінде елге қайтқан.

«Әзірбайжан банкі қайта құрылу себептеріне байланысты белгілі бір қиындықтарға душар болды. Оны шешуге аталмыш елдің Үкіметі мен біздің Ұлттық банк араласты. Нәтижесінде облигацияларды тәуелсіз құнды қағаздарға алмастыруға қол жеткіздік. Уақыт мерзімі 15 жылға созылып отыр. Құрылым өзгергеннен кейін, пайыздық көрсеткіш төмендеді. Десе де, басты қарыз және қосымша түсетін пайда көзі төмен болғанымен соманы қайтара аламыз», - деді ҚР Қаржы министрі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Депутаттар «Қазақстан мен Социалистік Вьетнам Республикасы» арасында іздеуде жүрген қылмыскерлерді қайтару заң жобасын талқыға салды. Айта кету керек, аталмыш құжатқа өткен жылы еліміздің Бас прокуроры Вьетнамға іс-сапары барысында қол қойып, екі жақты келісімге отырған. Алайда, Вьетнам елінде іздеуде жүрген Қазақстан азаматтары жоқ. Әрі, елімізде аталмыш елдің құзырлыларынан бой тасалағандар да тіркелмеген.

«Екі жақты келісім-шарт іздеуде жүрген азаматтарды эктрадациялау, жауапқа тарту әрі, соттың шешімін іске асыру сынды мәселелерді қозғайды. Сонымен қатар, қылмыскер екінші тарапқа берілмейді. Егер қылмыскер  сол елдің азаматы болса, өлім жазасына кесілсе, болмаса әскери заң бұзушылық үшін жасалған өтінім уақыты өтіп кетсе», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей ЛУКИН.

Вьетнам мен Қазақ елінің мәселесі айтылған жиында экономикалық көрсеткіштері де сөз болды. 2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 500 миллон долларға жеткен. Бүгінгі таңда тікелей әуе рейстері де бар. Елімізде 30 жуық аталмыш елдің өкілі өмір сүрсе, Вьетнамда 70-тей қазақстандық өмір сүреді.  

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан

Новости партнеров