Халықаралық жазғы Универсиада жүлдегерлері елге оралды. Өткен түнде ауыр атлетшілерді Алматы әуежайында салтанатты түрде күтіп алды. Олар ел қоржынын 3 алтын, 2 күміс және 1 қоламен толықтырды. Айта кетейік, 29-шы халықаралық студенттер ойыны осы күні Қытайдың Тайбэе қаласында өтіп жатыр. Аталмыш жарыста ел намысын 121 спортшы қорғауда.
«Өзімнің нәтижеме көңілім толды. Осы Универсиадада дайындығымның жақсы екенін көрсеттім. Әлемдік рекордты жаңартқым келді, бірақ әлі де дайындалу керек. Әлем чемпионатында сол мақсатыма жетемін», - деді Халықаралық XXIX жазғы Универсиада-2017 ойындарының чемпионы Денис УЛАНОВ.
«Жұлқып көтеру кезеңінде мен үздік үштікте болатыныма сенімді болдым. Жаттықтырушыларым алтынды алуға ұмтылу керектігімді айтты. Сондықтан бар күшімді салып, көтердім. Менің қолымнан келді. Жеңіске жеттім», - деді Халықаралық XXIX жазғы Универсиада-2017 ойындарының чемпионы Айдар ҚАЗОВ.
Жарыстың 8 күндік нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы 14 медальмен жалпы есепте 16-шы орында тұр. Оның үшеуі алтын, бесеуі күміс және алтауы қола. Халықаралық жазғы Универсиада ойындары 30 тамызға дейін жалғасады.