Наурызбай ауданында ірі тас жолдың құрылысы басталды. Ол - Абай даңғылының жалғасы. Ұзындығы 1 шақырымнан асатын жаңа торап ауданның жаңа әкімшілік ғимараты маңынан өтеді. Бұл туралы 9 айдағы жұмысты түйіндеген Наурызбай ауданының әкімі мәлімдеді.
"Қазынаға 3 млрд 767 млн теңге түсті. Бұл қаражат деген былтырғы көрсеткішпен көрсеткенде 170 пайызға жоғары. Ауданымыздағы инвестиция осы жылдың ішінде 7 млрд 545 млн теңге құрады, бұл көрсеткіш 3,6 есеп көп былтырғы көрсеткішке қарағанда",- Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі, Сайран САЙФЕДЕНОВ.
Аудан құрылған бойда кезек күттірмей шешімін табуы тиіс мәселе - көлік жолдарын қалыпқа келтіру болатын. 2 жыл көлемінде жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 55 көше жөнделді. Биыл қала тапсырысымен 14 көше тегістеліп, 14,2 шақырымға асфальт төселсе, «Жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында 35 көше жаңартылған. Жыл соңына дейін аудандағы Дәулеткерей, Бекішев және Құрманғазы сынды 9 көше жарықтандырылады. Қазір ауданда бой көтеріп жатқан әкімдік орталық аумағынан Абай даңғылына түйісетін ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын жолдың құрылыс жұмысы басталды.
"Бұл жерде жалғыз жол болмайды, бұл жерде және тротуар велосипед тебетін жолдар болады және дала жарығымен бірге болады бәрі. Арық та бәрі болады. Бұл комплексный салынып жатқан жол болып табылады",- деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі, Сайран САЙФЕДЕНОВ.
150 мыңға жуық халқы бар ауданда 2 мемлекеттік және 34 жекеменшік балабақша бар. Десе де ауданда мектепке дейінге мекемелер тапшылығы әлі де сезіледі. Қазір 1200 бүлдіршін кезекте тұр. Бұл мәселені шешу үшін «Ақжар» ықшамауданындағы №186 мектептің ауласынан, «Таусамалы» ықшамауданында №187 мектептің ауласына балабақша салу қарастырылуда. Бұған қоса, болашақта ауданның әкімшілік орталығы салынып жатқан аумақтан 2 бөбекжай тұрғызылмақ.
"153 гектардың ішінде 2 балабақшаның орны дайын тұр. Бұл балабақшалардың сметалары шығып, экспертизадан өткен барлығы дайын тұр. Қазір экспертизадан алып, салам деген адам салам десе мемлекеттік жекеменшік серіктестік арқылы да келіп салса, бұл кісілерге өздеріне де бәрі дайын. Жалпы, инфроқұрылымды үкімет тартады, бұл кісілерге тек салу керек болатын жағдай. Осы жағынан да қазір жұмыс жасап жатырмыз",- деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі, Сайран САЙФЕДЕНОВ.
Наурызбай ауданындағы әкімшілік орталықтың құрылысы қызу. Мердігерлер орталықты келер жылдың мамыр айында қолданысқа береді. 153 гектар аумақта әкімдік ғимаратынан бөлек, "Халыққа қызмет көрсету" орталығы, аудандық сот, ішкі істер басқармасы және өзге де мекемелер орналасады. Сондай-ақ, «Ақжар» ықшамауданында салынып жатқан 1200 орынды мектеп пен 500 орынды емхананың да құрылысын аяқтап, мамырда ел игілігіне беруді жоспарлауда. Биыл ауданда атқарылып жатқан ең маңызды құрылыс - Қарғалы өзенінің арнасын нығайту да жоспарға сай атқарылуда. Құрылысшылар қазірдің өзінде бөгетті нығайтып, өзен жағалауын көріктендіріп үлгеріпті.
Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, "Алматы" телеарнасы