ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов министрлік ұжымына жаңадан тағайындалған вице-министрді таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл қызметке ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Жобалауды басқару орталығының меңгерушісі болған Әсет Ирғалиев тағайындалды.
«Министр жаңа орынбасардың жинақтаған тәжірибесін, білімі мен кәсіби дағдысын қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін қолданатындығына сенім білдірді. Сондай-ақ, жаңа орынбасардың алдында халықаралық экономикалық интеграция және халықаралық ынтымақтастық, сауда және сыртқы сауда қызметі мәселесіне жетекшілік ету тұрғанын хабарлады», делінген ҚР ҰЭМ баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.
Әсет Ирғалиев Қазақстандық менеджмент, экономика және болжамдау институтында (КИМЭП) мемлекеттік саясат экономика саласы бойынша білім алған (Алматы, Қазақстан). Халықаралық Йонкопинг бизнес мектебін халықаралық экономика саласында ғылым бакалавры дәрежесімен (Jönköping University, Швеция), Йорк университетін экономикадағы ғылым магистрі дәрежесімен (University of York, Ұлыбритания) және Ноттингем университетін экономикадағы философия магистрі дәрежесімен (The University of Nottingham, Ұлыбритания) аяқтаған.
Сондай-ақ, Әсет Ирғалиев Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің PhD докторы дәрежесін иеленген (Лондон, Ұлыбритания). Еңбек жолын Ә. Ирғалиев Лондондағы Еуропалық даму және қайта құру банкінің (ЕДҚБ) Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия бойынша экономика департаментінің аумақтық экономисі ретінде бастаған.
2013 жылғы қаңтардан бастап 2016 жылғы маусым аралығында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры, басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасы лауазымдарын атқарған.
2016 жылғы желтоқсаннан бастап 2017 жылғы шілде айына дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі болып қызмет істеген.
2017 жылғы тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі кеңсесінің Жобалауды басқару орталығында жұмыс істеді.