Сағынтаев сапасыз тауар сататындарға «Сенбейміз!» деген айдар тағуды ұсынды

Сағынтаев сапасыз тауар сататындарға «Сенбейміз!» деген айдар тағуды ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде коллекторлар жұмысына түсетін шағым көлемі күннен-күнге артып келеді. Өткен жылдың өзінде Ұлттық банке арыз жазғандар көлемі 13 мыңды құраса, тұтынушылар құқығын қорғау қоғамына 23 мың шағым түскен. Бұл ақпарат бүгін Үкімет отырысында айтылды.

Үкіметте айтылған бүгінгі әңгіме коллекторлар қызметіне қатысты. Былтырдан бастап аталмыш жұмыскерлер үстінен түсетін шағым көлемі артқан. 2017 жылдың өзінде Ұлттық банкке өтініш тастағандар саны 13 мыңды құраса, тұтынушылар құқығын қорғайтын қоғамға 23 мың шағым түскен. Тимур Сүлейменовтың сөзінше, шағымның басым бөлігі коллекторлардың ақшаны қайтару тәсіліне қатысты.

Алқалы жиында экспорт мәселесі де тілге тие етілді. Ақпарға жүгінсек, елімізде экспортқа салынған қаржыдан түсетін пайда өткен жылы 30 пайызды құрапты. 122 мемлекетке 800-ге жуық тауар түрлері жөнелтіледі. Бұл мәлімет Премьер-министрді аса қуантқан жоқ. Керісінше, ол осы бағытқа жіті көңіл бөліп, дамуына кедергі болып отырған кемшіліктерді анықтауға тапсырма берді.

«2017 жылдың қорытындысымен бірге 30 проценттік өсім бар. Дегенмен, барлық мүмкіндігімізді пайдаланып отырмыз ба? Жоқ па? Сол жағын қарастыру қажет. Қандай кедергілер бар? Былтыр біз сол кедергілерді алып тастауға арналған жол картасын әзірлеу бойынша тапсырма берген болатын», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Ал Жеңіс Қасымбек Үкімет басшысы айтқан кедергілерді тізбектеп берді. Оның пікірінше, мемлекеттік органдар мен бизнесмендердің сауда-экономикалық келісімдердің негізгі ережелерін дұрыс қолданбайды. Екіншіден, шет елдерде экспорттық-промоутерлік қолдау жүйесі дұрыс дамымаған. Бұл да айтарлықтай тежеу. Осы орайда, алдағы уақытта 11-ге жуық мемлекетте промоутерлік бөлімшелер ашуды ұсынды.

«Бүгінде дамыған мемлекеттердің көбісі сауда өкілділіктер желісін ашып алған. Мысалы, Оңтүстік Корея, Аустралия, Ресей және тағы басқа елдер осы бағытта жақсы жұмыс істеп келеді. Сол себепті экспорттық стратегиямыздың аясында шет елдерде өкілдіктер ашу шараларын жалғастыру қажет», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Отырыс кезінде Бақытжан Сағынтаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жаңа ұсыныс тастады. Сапасыз өнім шығаратын компаниялардың атын «Сенбейміз» деген жазумен белгілеп, билбордттарға ілген жөн деді. Бұл өз кезегінде, сауда орындары, болмаса компаниялардың жауапкершілігін арттыруға сеп болады.

 Назым Мәлікқызы, Нұрлан ӨтегеновАлматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров