«Қазақфильм» аумағында этноауыл бой көтереді

19.08.2018 02:06

«Қазақфильм» киностудиясына жалға беріліп, қараусыз қалған жер теліміне Президент тапсырмасымен «Этноленд» кешені тұрғызылады. 5 жарым гектар аумақта бой көтеретін нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Елімізде аналогы жоқ жаңа кешен Алматының мәдени-туристік орталығына айналмақ.

«Қазақфильм» киностудиясына 2007 жылдан бастап 49 жылға жалға берілген ат шаптырым аумақтың 5 жарым гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Өйткені, бос жатқан жер телімі игерілмеген. Он жыл ішінде ол аумақта тек 2 декорация тұрғызылыпты. Оның өзі толыққанды пайдаланылмай тоза бастаған. Сөйтіп, киногерлер қаңыраған аумақты гүлдендіруді мақсат етіп, этномәдени кешен ашуды жоспарлаған. Тіпті, жергілікті әкімдікке бірнеше рет өз жобаларын да ұсыныпты.

«2015 жылы осы жоба қолға алынған кезде, өзге елдердің киностудияларындай, біздің де өз табиғи алаңымыз болса деген ниет-арманымыз болды. Басшылық та ойымызды қолдады. Сондықтан өз ұсынысымызды айтып, әкімдікке барған едік», – дейді кинорежиссер, суретші Сәбит ҚҰРМАНБЕКОВ. 

Жергілікті билік өкілдері өнер адамдарының бұл ұсынысын жерге қалдырмай, «Этноленд» кешенін бірлесе салуға келісім берген. Тіпті, бұл мәселені былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңесте талқылаған болатын. Кеңес қорытындысы бойынша, Президент әкімдікке жобаны жүзеге асыруға нақты тапсырма берген. Сондықтан, қала билігі бос жатқан жер телімін мемлекет меншігіне қайтарып, өткен жылдың аяғында келісім-шартты бұзыпты. Алайда, тиісті қаулы шыққан соң киногерлер өз сөздерінен тайқып шыға келген.

«Жерді басқа жерден қарасын. Этноауыл деген атпен қалашық салатын ойлары бар екен. Этноауыл салғысы келетін болса, сіздерге айтайын, осы жерден Қаскелеңге дейін ең жақын жерден, таудың етегіндегі жазық дала жатыр ғой», – деп пікір білдірді кинорежиссер Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ.

Бастапқы райларынан қайтып, телім үшін тірескен киногерлер екі рет сотқа да арызданған. Бірақ жер қайтарылсын деген сот шешіміне олар әлі бой ұсынбай отыр.

«Сіздер қол жинаймын дейсіздер, бірақ ол әрекеттеріңіз қоғамға салмақ салу болып көрінбей ме?» - деген тілшілер сұрағына киностудия өкілі: «Екінші процестің бұған еш қатысы жоқ, қазіргі сәтте ол іс әлі жалғасып жатыр», – деп жауап берді. 

Десе де, қалалық әкімдік өкілдері жер телімінің «Қазақфильмге» тиесілі емес екенін алға тартты. Оның үстіне, жерді мәжбүрлі түрде тартып алмақ деген мәлімдеменің шындыққа жанаспайтынын қадап айтты.

«Қазақфильм» киностудиясы бізге бірнеше рет өздерінің меншігіндегі жалға алынған жер учаскесіне этномәдени жоба жасау туралы ұсыныстарын айтты. Содан кейін біз «Қазақфильм» киностудиясымен біріге отырып, «Ethnoland» ұлттық-мәдени кешені салу туралы ортақ шешімге келдік. Қазақстанда аналогы жоқ мәдени-туристік орталықта қазақтың бай тариxымен танысуға болады», – деді Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Кешенде түрлі фестивальдер ұйымдастырылып, көрмелер көрсетілмек. Сондай-ақ, қазақ үйлер тігіліп, іші құнды жәдігерлермен толықтырылады. Қазақ үйлерден бөлек Этнолендтің аумағында алтыбақан қойылып, хас батырлардың мүсіндері жасалмақ. Кешенге келушілер көшпенді халықтың байырғы тарихымен және бай мәдениетімен етене танысатын болады. Ал мұнда фильм түсіріп, шығармашылықпен айналысамын деген өнер адамдарына еш шектеу жоқ.

«Біз қала әкімдігінің бұл аумаққа қандай да бір фильм түсірілімдер жасауға еш кедергі келтірмейтінін жеткіземіз. Бұл жер барлық қала тұрғындары және шетелдік туристер келе алатындай аумаққа айналуы тиіс», – деді Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

«Мен Бауыржан Байбекке құрметпен қараймын. Ол өте белсенді, қала көз алдымызда түрленіп келеді. Бұл үлкен құрметке лайық», - дедi Қазақстан кинематографистер Одағының төрағасы Ермек ТҰРСЫНОВ.

11 гектар жерді алып жатқан «Қазақфильм» киностудиясының 5,5 гектары мемлекет меншігіне қайтарылғанымен, қалғаны студияның өзіне тиесілі қалпында қала бермек. Айта кетейік, қазіргі бос жатқан 5,5 гектар алқап қараусыз қалғанымен қатар, қоқысқа толып қалған көрінеді. Мәселенің мәнісіне көз жеткізу үшін барған түсірілім тобын Қазақфильм өкілдері есіктен қайтарды.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы.