Алматылықтар енді Merсedes-Benz автобусымен қатынайды. Жаңа қоғамдық көлікті жолаушылардың игілігіне немістің «Даймлер» автоөндірушісі беріп отыр. Эко-автобус әзірге тек бір дана. Оның өзі 3 айға тестілік режимде жүреді. Ал сол аралықта тиімділігін көрсетіп, көптің көңілінен шықса, мұндай автобустың санын көбейту көзделіп отыр. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жаңа автобустың сапасын байқап көрді.
Жолаушылар ағымы көп алып мегаполистер үшін немістің «Даймлер» автоөндірушісі құрастырған бұл Merсedes-Benz автобусы бірер күнде бағытқа шығады. Экологиялық таза отын - газбен жүретін қоғамдық көлік қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Іші кең, терезелері екі қабатты, қуатты кондиционермен жабдықталған. Бастысы - барлық жолаушылар үшін ыңғайлы, әрі қауіпсіз. Сондықтан Алматының тас жолы мен таулы аймағынан 3 ай сынақтан өтеді.
«Қаланың қоғамдық көліктерін жаңарту үшін көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Біз тасымалдаушыларға жыл сайын субсидияға 7 млрд теңге, өтемақыға 4 млрд теңге, сондай-ақ метрополитенге өтемақы ретінде 4 млрд теңге береміз. Жылда қоғамдық көлікті дамытуға қала бюджетінен шамамен 16 млрд теңгедей қаржы бөлінеді. Халықаралық талапқа сай ірі қалаларда 2 жарым мың бірлік қоғамдық көлік болуы қажет. Қазір бізде бұл сан тек - 1500. Сондықтан алдағы уақытта Алматыда сапалы автобустардың санын 2 есеге арттыруды көздеп отырмыз. Жалпы, немістің бренд компаниясы Алматы нарығына қызығушылық танытып, автобустарын сынаққа беріп отырғаны біз үшін өте маңызды», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Евро-6 стандартына сай келетін автобусты «Алматыэлектротранс» пен «Гринбас» тасымалдаушылары 1 жарым айдай сынап көреді. Осы аралықта қоғамдық көліктің жүрісі, газға сұранысы қатаң тексеріледі.
«Біз бұны 12 маршрутқа қоймақшымыз. Өйткені, 12 маршрут өздеріңіз білесіздер, Медеуге, жоғары қарай толық күшпен жүріп отырады. Сондықтан осындай маршруттарда біз осы автобусты сынақтан өткізбекшіміз. Бұның қозғалтқышы тек газға арнайы жасалған қозғалтқыш. Бұл дүниежүзінде тек Merсedes компаниясында бар. Басқа газбен жүретін автобустардың барлығы ол дизельдік қозғалтқыштың үстіне газдық аппаратура қойылған автобустар. Ал дүниежүзіндегі газбен жүретін жалғыз қозғалтқышы бар - ол Merсedes», - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.
Қозғалтқышы тек газға жасалған мұндай автобустар Германияның өзінде кеңінен қолданыста жүр екен. Ал Қазақстанмен іргелес елдерде Ресей мен Өзбекстанда бар. Аталған қос мемлекет те Merсedes-Benz автобусын әуелде сынап көріп, кейін бірнешесін сатып алыпты. Құрастырушылар қоғамдық көліктің техникалық жай-күйіне 10 жыл кепілдік беретін көрінеді.
«Мұндай бір автобустың құны кедендік төлемсіз 230 мың евро. Сондай-ақ дизельмен жүретін арзан түрлері де бар. Олар 160 мың еуро тұрады. Жалпы, бұл қоғамдық көлік өте ыңғайлы. Еуропаның соңғы үлгідегі технолоиясы бойынша құрастырылған. Егер қандай да бір оқыс жағдай болса, жолаушыларға қауіп төнбейді», - деді «Merсedes-Benz» брендінің Қазақстандағы ресми дистрибьютор компаниясының директоры Андрей КУНАХ.
Автобустағы отыратын орындықтар саны - 28. Дегенмен, қоғамдық көліктің сыйымдылығы 100 адамға дейін есептелген. Айта кетсек, әзірге тек сынақ ретінде жолға шыққан бұл автобус көңілден шықса, әрмен қарай олардың санын көбейту жоспарланып отыр.
Дистрибьютор компания өкілдері қала тарапынан Merсedes-Benz автобусына сұраныс түссе, қажеттілікті өтеп бірден 200 құрамға дейін әкелуге дайын екенін жеткізді. Айта кетсек, Алматы қаласының қоғамдық көлік реформасын жетілдіру үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, былтыр жалпы саны 500-ге жуық жаңа автобус сатып алынса, биыл тағы 200-дей алу көзделіп отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы