«Қорғас» кеден бекеті мүдделер қым-қуыт қордаланған алаңға айналды. Тіпті, өз пайдасын ойлаған автобус жүргізушілері жолаушыларды заңсыз тасымалдап жүр. Тауарға келгендерді сауда орталықтарына жеткізу үшін әр жолаушыдан мың жарым теңгеден алады. Бірақ талап бойынша ақысын төлеген адамдарды саудадан кейін, ел іргесіне қайта жеткізіп салулары керек. Бірақ пысықай жүргізушілер бұл ережені тіптен елемейді. Олар жолаушыларды сауда орындарына апарып, кері қайтар кезде автобус ішін тауарларға толтырып тастайды екен. Амалы құрыған жолаушылар елге кері қайту үшін жеке тасымалдаушыларға еселеп ақы төлейді. Ал ақшасы жоқтары тауарларын арқалап, 8 шақырым жолды жаяу жүріп өтеді. Бұл бассыздыққа шыдамаған кәсіпкерлер ашуға булығып, өре түрегелді. Олар кеден бекетінен заңды түрде өткізілген тауарларымызды құзырлы орын өкілдері еш себепсіз тәркілеп, қоймаларға қойып тастайды, дейді.
Нұржан Базарбеков «Қорғасқа» ара-тұра келіп, сауда жасайды. Жеке автобусымен жолаушы тасымалдауға рұқсаты да бар. Осыдан 1 жарым ай бұрын үйіне қажетті жабдық алу үшін Алматыдан шекарадағы сауда орындарына аттаныпты. Керегін алып болған соң - кедендегілер заттарын тексерген. Тауарлары түгенделіп, түбінде жолға шығады. Бірақ бекеттен асқан бойда полицейлер мен экономикалық зерттеу қызметінің өкілдері тоқтатып алған. Еш себепсіз заттарын тексеріп, дереу қоймаға жөнелтіпті.
«Ол жерде қойманың өзінің төлейтіні бар. Әр келісіне бір күн тұрғанына 50 теңге. Одан кейін, автобусқа 5 мың теңге төлейді. Тауардың салмағы жалпы 2 тонна 400 килограмм. Маған оның 400 келісі тиесілі», - деді Нұржан БАЗАРБЕКОВ.
Автобусты тоқтатқан тексеруші топ тауарларды «контрафакті» деп, көлікті иесіне бермей қойыпты. Бірақ 1 жарым айдан асты әлі күнге әлгі өнімдердің заңсыз екенін дәлелдей алмаған. Ал Нұржанның енді автобусты қоймадан шығарып алуына қаражаты жетпей жатыр. Өйткені, уақытша тұраққа қойған көлікті қайтарып алуына миллиондаған қаржы қажет. Бассыздықтан соң, жәбірленушілер заңгерлердің көмегіне жүгінген.
«Біз құзырлы орын өкілдеріне арыздандық. Алматы облысының прокуратурасы мен мемлекеттік кірістер департаментіне шағым жаздық. Осыдан кейін, олар ішкі тексерістерін бастады. Қазіргі күні автобусты заңсыз тоқтатқан 1 адам жұмысынан қуылыпты. Екіншісінің ісі тексеріліп жатыр», - деді заңгер Сәуле ҒАЛИЕВА.
Ісі май шаммен қаралып жатқан күдікті - жәбірленуші тарап арнайы ұйымдастырған жиында төбе көрсетті. Автобус иесі мен ондағы жолаушылар тауарларын заңсыз тәркілеген адамдардың «Жалғас» пен «Рүстем» екенін айтады. Экономикалық зерттеу қызметінде жұмыс атқарған олардың еркіндікте емін-еркін жүргендері - арызданушылардың ашуын келтірді. Тауарды орта жолда тәркілегендерге қатаң жаза тағайындалуын сұрайды.
«Тексеруші топ автобусты кеден бекетінен алыстап кеткен кезде тоқтатқан. Іле өзені маңында тексеріп, сол жерден алып кеткен. Бұл - заңға қайшы әрекет. Өйткені, кедендік тексерістен өткен тауарларды бекеттен шыққан соң, салықшылардың тексеруіне болмайды. Олар заңды белшесінен басып отыр», - деді заңгер Сәуле ҒАЛИЕВА.
«Қорғастағы» былық мұнымен бітпейді. Заңгерлер адам құқығы мұнда аяқ астында тапталып жатыр, дейді. Сондықтан кеден бекетінің өкілдерімен кездесіп, кеңес өткізген. Анықталғаны - бекетте жолаушы тасымалдап жүрген автобус иелерінің көбінде лицензия жоқ екен. Рұқсаты болмаса да, адамдарды ел іргесіне апарып жүр.
«Жолаушыларды заңсыз тасымалдайтындар рұқсаты бар жүргізушілерге пышақ алып жүгірген кездері болған. Бұл - жалғыз-жарым ғана жайт емес. Олардың былықтары бастан асады. Осы тұста, лизенция алудың да машақатын айтып кеткен жөн. Бір тілім қағазды алу үшін қаншама жүргізушілер шапқылайды», - деді Алматы облысы Жолаушы тасымалы қауымдастығы төрағасының орынбасары Тимур ШАТАЕВ.
Лицензиясы бар тасымалдаушыларға қыр көрсеткен жүргізушілер кеден бекетінен сауда орталықтарына дейін жолаушыларды мың жарым теңгеге тасымалдайды. Бұл ақшаға әр адамды апарып, кері алып келулері керек. «Қорғастағы» ішкі тәртіп сондай екен. Бірақ пысықай жүргізушілер жолаушыларды керек жеріне жеткізген соң, қайта алып келмейді екен. Өйткені, автобус ішіне тауарларды толтырып тастайды. Соның кесірінен адам отыратын орын қалмайды.
Батпандай қапты арқалап, қалбалақтаған қарақұрым жұрттың мұндағыларға өкпесі қара қазандай. Олар жүргізушілердің жүгенсіз кетуіне «Қорғастағы» басшыларды айыптап жатыр. Білгеніміз - бекетте «Қорғас-Сервис» және «Қоғас-Коммерц» деген екі ірі компания бар екен. Сауда орындарын жалға беріп, ондағы көлік қозғалысын солар қадағалайды. Қос серіктестік бір адамның иелігінде. Шекарадағы жол мемлекет иелігінде болғанымен, оны жалғыз дөкей билеп-төстеп алған. Осының кесірінен кеден қызметкерлері де зардап шегіп отыр.
«Жолаушылар тәртіп бойынша тасымалданып жатқан жоқ. Автобус иелері де, таксистер де адамдарды қалай болса, солай жеткізеді. Заң бойынша, жүктер бөлек, жолаушылар бөлек тасымалдануы керек. Мұнда ол тәртіп орындалмайды», - деді «Қордай» кеден бекеті басшысының орынбасары Абай ӘЛІПОВ.
«Қорғасқа» тауар алуға қатынайтын адамдардың көбі мұнда жеке көліктерімен келеді. Жүргізушілер темір-тұлпар қаңтаратын орын үшін кемінде 300 теңгеден төлеуге мәжбүр. Ақыны анау тұрған дүңгіршек ішіндегі адамдарға береді екен. Шынтуайтында, бұл аумаққа кіру тегін болуы тиіс еді. Сөйте тұра, майлы орынды иеленгендер көлеңкелі табысқа кенеліп отыр.
Шекарадағы осындай шикіліктен әбден мезі болған мұқым жұрт кімге барып жүгінерін де білмейді. Шағым айтса - тауар алуға тыйым сала ма деп қорқады. Сондықтан жұмған ауыздарын ашпай келеді. Бірақ кәсіпкерлер үнсіз қалмақ емес. Олар бекетті басы-байлы билеп алғандарды түбінде жауапқа тартқызамыз деп отыр.
Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы