Франциядан келген тәуелсіз сарапшылар Алматының тауларына тәнті. Бұл туралы «Алматы қаласының таулы аймақтарындағы туризмді дамыту» тақырыбында өткен жиында шетелдік қонақтар айтты. Француздар Алматының тау туризмін дамытуда қандай жұмыстар жасауға болатыны жөнінде кеңес берді.
Франциядан ат басын бұрып келген сарапшылар кешеден бері Түрген шатқалынан бастап, Қаскелең тауларына дейінгі аймақты тікұшақпен аралап шықты. Ондағы мақсат - тау туризмін дамыту үшін қолайлы, халықаралық стандарттарға сай шыңды анықтау. Тәуелсіз сарапшылар Шымбұлақ, Ақбұлақ, Табаған, Қалалық таулы саябақ, үлкен Алматы көлі,Қаскелең, Көкжайлау мен Түрген шатқалдарын көрген.
«Алматы қаласы өте үлкен және Алатаудың етегінде орналасқан. Тұрғындардың бір пайызы тұрақты түрде шаңғы тебумен айналысады екен. Оның өзі тау туризмін дамутуға болады деген сөз. Біздің тәжірибиемізде көптеген танымал тау-шаңғы шипажайлар ісін бастағанда бәрі де бірден бола қалған жоқ. Ең алдымен тұрғылықты халықтың санына қарай көру керек. Отбасымен демалуға ыңғайлы етіп жағдай жасаған дұрыс», - деді Ресей-Азия жобаларының директоры Жуан-марк ФАРИНИ.
Артықшылықтары мен кемшіліктерін талқылай келе сарапшылар Түрген шатқалдары мен Қаскелең таулары тау туризмін дамытып, халықаралық санаттағы тау-шаңғы шипажайын салуға қолайлы деп тапты. Ал, Табаған, Ақбұлақ, Шымбұлақ, Көкжайлау сияқты шыңдарға тек қала тұрғындарына арнап тау-шаңғы курортын салуға болатынын айтты.
«Француз сарапшыларының негізгі міндеті - біздің тауларымызға баға беру болатын. Олардың сараптамасы бойынша, Қаскелең мен Түрген таулары халықаралық шипажай салуға қолайлы деп танылды. Сарапшыларға ешқандай да ақша төлеп шақыртқан жоқпыз, керісінше біздің елге қызығып келді», - деді Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жетекшісі Тимур ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ.
Франция - туризм нарығында әлем бойынша бірінші орын алады. Республиканың жалпы ішкі өнімінің 10 пайызын туризм құрайды. Сондықтан аталған саланы жетік біледі дейді мамандар.