Кабулдағы теракт: Ауғанстанда қайтыс болған отандасымыздың жақындарын алдап кеткен алматылық алаяқ босатылды

17.05.2018 01:27

Ауғанстандағы терорлық акт кезінде қаза тапқан отандасымыздың мәйітін елге жеткізуге уәде етіп, қаралы отбасыдан жарты миллион теңге жымқырған алаяқ жазадан сытылып кетті. Өйткені марқұм Ерлан Жанпейісовтың туыстары күдіктіге кешірім берді. Әрі, алданып берген ақшасын айыптыдан түгелдей қайтарыпты. Былтыр ғана түрмеден шығып, қайта қылмыс жасаған 41 жастағы Алматы тұрғыны алаяқтық әрекетке не үшін барды?

Алаяқтық әрекеті үшін түрменің дәмін татқан Адылжан Исмаилходжиев бүгін тағы айыпкер орындығында отыр. Ол былтыр бостандыққа шыққан бойда ескі әдетіне басып, жұртты тақырға отырғызуға кірісіпті. Әуелі өзімен бірге темір торда отырған азаматтың әйелін сан соқтырады. Келіншекті құзырлы органда қызмет ететіне сендіріп, күйеуін рақымшылыққа іліктіріп, түрмеден тез шығаруға уәде берген. Ал қызметі үшін 300 мың теңге талап етеді. Ақшаны қалтасына басқасын  ізін суытқан.

«Ақшаны алған соң ертең таңғы сағат 10.00-де СИ-18 түрмесіне кел. Сол жерде күйеуіңді түрмеден шығаруға тиісті құжатты қолыңа ұстатамын, деді. Мен ертесіне түрме алдына келіп ұзақ күттім. Телефонынын өшіріп тастапты»,-деді жәбірленуші Зоя ЖИЕНБАЕВА.

Айласын асырған азамат бұдан кейін қара жамылған отбасыны арбауға кіріседі. Қаңтар айында Ауғанстанға іс-сапармен барып, содырлардың шабуылы кезінде отандасымыз Ерлан Жанпейісов қапыда қаза табады. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның туыстары оның мәйітін Қазақстанға жеткізу үшін елден ақша жинап, көмек сұраған еді. Мәлімет бірқатар ақпарат құралдарына жарияланған болатын. Мұны көрген Исмаилходжиев шімірікпестен, тағы да арам пиғылын іске асырады. Марқұмның әкесіне өзін ұшқыш ретінде таныстырады. Сөйтіп, қапыда қаза тапқан баласының мәйітін «Алматы-Кабул-Астана» рейсімен 500 мың теңгеге жеткізуге уәде берген.

«Исмаилходжиев жаңалықтарда көрсетілген Жанпейісовтың туыстарының телефон номерлеріне хабарласып, өзін тасымалдаушы компанияның ұшқышы ретінде таныстырады. 24 сағат ішінде мәйітті елге жеткізуге уәде беріп, бұл қызметі үшін 500 мың теңге талап етеді»,-деді мемлекеттік айыптаушы Мақсат ДӘУІРБАЕВ.

Жарты миллион теңгені жымқырған соң Исмаилходжиев телефондарын сөндіріп, ізім-қайым жоғалыпты. Қаралы отбасын оп-оңай алдап кеткен азаматты полиция да дереу қолға түсірген еді. Бүгін сот алдында алғаш жауап берген ол мұндай қылмысқа тұрмыстың тауқыметінен амалсыз бардым деп ақталды.

«Сол кезде ақшадан қатты тарығып, амалсыздан алаяқтыққа бардым. Жақын адамым ауырып, еміне ақша қажет болды. Өзгенің қайғысы емес, өз туысымның ауруы жаныма батты. Сондықтан марқұмның туыстарын алдауға бел будым. Қазір бұл әрекетіме қатты өкінемін. Барлығынан кешірім сұраймын. Ендігіде қылмысқа бармаймын, арба сүйресем де адал ақша табамын»,-деді Адылжан ИСМАИЛХОДЖИЕВ.

 Бұдан былай түрмеге барғысы жоқ Исмаилходжиев  сотты да ендігәрі алаяқтыққа бармайтынына сендірді. Тіпті, қос жәбірленушіге келтірген материалдық шығын - 800 мың теңгені бір тиынын қалдырмай өтеп бергенін жеткізді. Жәбірленушілер де сотталушыға еш кінә артпайтынын мәлімдеп, медиация арқылы кешірім берді. Қос тарап татуласқан соң, Исмаилходжиев сот залынан босап шықты.


Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы