Көкшетаудағы сауда орындарында сатып жатқан қауын-қарбыз бен өрікте нитраттардың шамадан тыс көп екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақмола облысының Қоғамдық денсаулық қорғау департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның дерегі бойынша, «Жібек жолы» сауда кешені аумағында «Қауіпсіз және сау өнімді таңда» атты акция өткізілді. Оған Ақмола облысының қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті, ұлттық сараптама орталығы және Көкшетау қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының мамандары тартылып, тұтынушыларға сапалы дұрыс тамақтануды насихаттау арқылы, сапалы азық-түлік өнімін таңдау және азық-түліктен улануды алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Тұтынушылар сатып алған өнімдерін сапасы мен қауіпсіздігіне тегін зерттей алды. Мамандар экспресс әдісі және қазіргі заманғы аспаптардың көмегімен санаулы минуттардың ішінде өнімнің жеуге жарамды немесе жарамсыз екенін анықтап берді», деп түсіндірді ведомстводан.
Акция кезінде азық-түлік өнімдерінің санитарлық-химиялық көрсеткішке 120, микробиологиялық көрсеткішке 100 және паразитологиялық көрсеткішке 100 сынама алынды. Нәтижесінде, 18 сынама санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сай келмегені анықталды. Соның ішінде, өрікте – 12, қауында – 3 және қарбызда – 3 сынама тиісті көрсеткішке сай келмеген.