Алматы жастарының баспаналы болуына мүмкіндіктері арта түсті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жастарды жарылқайтын жаңа жоба. Баспана аңсаған Алматы жастарына жақсы мүмкіндік беріліп отыр. Жаңа бағдарламаға Алматы қаласының әкімдігі 1 миллиард теңге қаржы бөлді. Жеңілдетілген несиемен 100 пәтердің бірін иемдену үшін жас азаматтар қандай талаптарға сай болуы керек? Әрі қарай әріптесім Әйкерім Ердәултеқызы әңгімелейді.

Әркімнің бас қатырар баспана мәселесі биылдан қалмай біршама шешіледі. Әсіресе, алматылық жастардың жолы болмақ. Қала  әкімі Бауыржан Байбек  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жетекшілерімен бірқатар құжатқа қол қойды. Соған сай, 35 жасқа дейінгі азаматтардың төмендетілген пайызбен несиеге үй алуы үшін қала бюджентінен 1 миллиард теңге қарастырылды. Шаһар басшысы бұл пилоттық жоба екенін алға тартты. Егер қызығушылық артса, әрі қарай жалғастыратындықтарын да жеткізді.  

«Алматы жастары өте белсенді. Бүгінгі таңда қалада 35 жасқа дейінгі жастардың саны-800 мың адам. Олар үшін ең маңызды мәселе-жеке баспанаға қол жеткізу. «Алматы Жастары» атты бағдарлама жастарды ынталандыру және қала тұрғындарының қаржысын қалада қалдыруға септесу, яғни, осы қаржы есебінен құрылысшылар мен жұмысшыларға жалақы төленеді, кәсіпорындарға тапсырыс беріледі, құрылыс компаниялары қала бюджетіне салық төлейді»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Енді тұрғын үйден үмітті алматылықтар бүгіннен бастап 10 күннің ішінде «алматы жастары кз.» сайты  арқылы байқауға қатыса алады. Оларға құны 10 миллион теңгеден аспайтын дайын пәтерді таңдауға мүмкіндік беріледі. Несиені Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы, 5 пайыз жылдық үстемақымен 3 жылдан 25 жылға дейін  рәсімдеуге болады. 

«Ескере кететін жәйт, несиеге алынатын пәтерлер жаңа болуы тиіс,яғни, жер үйлер мен екінші нарықтағы баспаналар санатқа алынбайды. Сондай-ақ, құжаттардың барлығы электронды түрде қабылданатын болғандықтан азаматтардың өз деректеріне өте мұқият болғаны жөн»,- деді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы, Әнуар ӨСКЕНБАЕВ.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Әуелі азаматтар ұпай жинайды. Мәселен, некеде тұрғаныңыздың әр жылына 2 ұпай, бірінші балаға-10, одан кейінгі әр балаға-15 ұпайдан. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс өтілінің әрбір жылына 2, ал басқа мекеме де қызмет ететіндерге 1 ұпайдан. Ал әлеуметтік әлсіз топқа жататындар үшін 10 балл. Тіпті, жеке кәсіпкер де назардан тыс қалмаған. Олардың жыл сайынғы еңбегі үшін 1,5 ұпай жазылады. Бастысы Алматы қаласында тұрақты тіркеуде тұрғаныңыз маңызды. Оның да, әрбір жылына 1 ұпайдан есептелінеді. Оған қоса, бастапқы жарнаның 5 пайызынан бастап 10 ұпайдан қосылып отырады.  Үй алам деушілер әуелі ең кем дегенде жылжымайтын мүліктің 10 пайыз ақысын төлеуге міндетті. Мұндай шарттарға қуана келіскен азаматтың бірі- Ерлан Тәукеев.

«Негізінен балдық жүйесі ұнады. Некеде тұрғанымызға 9 жыл болған. Әр жылға 2 балдан беріледі. Әр балаға 10 балдан беріледі. Қазір екі балам бар, қазір жалдамалы пәтерде тұрамыз»,- деді Ерлан ТӘУКЕЕВ.

Бұл кезеңнен ең жоғары ұпай жинағандардың келесі қадамы-тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бағытталады. Онда азаматтар өздерінің төлем қабілетерін растайтын болады. Осы ретте, алматылық жастар қазірден бастап белсенділігі орасан. 

«Біз тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінде алғаш рет әкімдікпен салымшыларды қолдауға бағытталған келісімге қол қойдық. Егер бұған дейін барлығы тұрғын үй құрылысын қолдауға тырысса, енді бағытымыз бірінші рет өзгерді. Алматы бойынша біздің қоржынымыз қомақты. Бүгінгі күні біздің бөлімшеде 147 мың адамның депозиті бар. Оның 50 мыңы 20-30 жас аралығындағы жастар. Әрі олардың 13 мыңы биылғы жылы келгендер»,- деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқармасының төрайымы, Ләззат ИБРАГИМОВА.

Осылайша биылдыққа дәл осы бағдарлама аясында бас-аяғы 100 отбасы қоныс тойын тойламақ. Ал 2020 жылға дейін жастарды қолдау мақсатында 12 жатақхана салу жоспарланған. Осы жылы оның төртеуі аяқталады деп күтілуде.   


Новости партнеров