Алматы облысында халықаралық әскери оқу жаттығуы өтуде

Алматы облысында халықаралық әскери оқу жаттығуы өтуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында «Мызғымас бауырластық - 2017» халықаралық әскери оқу жаттығуы өтіп жатыр. Шараға 6 мемлекеттен мың жарым сарбаз қатысуда. Олар, бітімгерлік мақсатында түрлі тапсырмаларды орындап, мәселені бейбіт түрде шешулері керек. Тақырыпты тілші тарқатсын.

Бұл - бейбіт тұрғындар. «Соғысқа қарсымыз» деген ұранмен көтеріліс жасап жатыр. Шартты сценарий бойынша солай. Бітімгерлік бригадасы көтерілісшілерді жарақаттамай, күш қолданбай басу керек. Тұрғындар біраз қарсылық танытқанымен, сарбаздар олармен бейбіт түрде келісім жасасты. Әскерилердің жұмысын сырттан арнайы комиссия бақылап тұрады. Тапсырма аяқталған соң, бағасын береді де келесі нысанға бет алады.

Ал, мына лагерде 3 мемлекеттің сарбаздары босқындарға қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Олар Қазақстан, Белорусь және Тәжікстан Республикаларының бітімгерлік батальондары. Әрине, бәрі шартты көрініс. Шатырлардың бірінде босқындар орналасады, екіншісінде оларға медициналық көмек көрсетіледі, енді бірінде босқындар демалады, соңғысында дала жағдайында жұмыс істейтін асхана орналасқан. Мұндағы 30-ға жуық техника, елді мекенге гуманитарлық көмекті жеткізуге септігін тигізеді. 

¤Дәл біз тұрған лагерге 100-ден аса босқындар жиналған. Мұнда оларға арнайы гуманитарлық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, шатырлар да тігілген. Әскерилер оларды жақын маңдағы қауіпсіз аумаққа апарып, құзырлы органдарға тапсырады.    

«Мызғымас бауырластық - 2017» халықаралық әскери оқу жаттығуында барлығы шынайы. Бұл - сарбаздардың босаңсуына жол бермейді дейді қолбасшылар. Жаттығулар өмірде болатын мысалдар негізінде орындалып жатыр.  Бүгінгі тапсырмалардың басым бөлігі жанжал аймағынан қашқан босқындардың үлкен тобына көмек көрсетуге арналды. Оларды уақытша орналастыру орталықтарына жеткізу, тіркеуден өткізу әрекеттері пысықталды. 

«Біріншіден, үлкен тәжірибе. Екіншіден, өзіміздің білетін білімімізді әрқашан жаттықтырып отыру мақсатында болады. Жалпы, осы «Мызғымастық бауырластық - 2017» жаттығуына біздің десанттық шабуылдаушы әскерлеріміз жоғарғы деңгейде дайындалып, әзірленіп қазіргі таңда өткізіп жатырмыз»,- деді Қазақстандық бітімгершілік батальон командирі, Аян НҰРҚАСЫМОВ.

Биылғы оқу жаттығуға Армения, Белорусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қазақстанның бітімгерлік батальондары қатысып жатыр. Шара 20-шы қазанға дейін жалғасады. Жалпы, «Мызғымастық бауырластық» әскери оқу жаттығуы дәстүрлі түрде жыл сайын, осы 6 мемлекет арасында өтіп тұрады.


Новости партнеров