|
06.03.2017 | 09:43
2860

Алматыда қос метро бекетін салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Алматыда қос метро бекетін салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Алматыда қос метро бекетін салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жуырда "Достық" стансасы маңындағы 44 жер телімі сатып алынбақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 6,7 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Одан бөлек, жүйелі жұмыстарды жылдамдату мақсатында қала қазынасынан  қосымша 2,4 млрд теңге қарастырылған. Ал, қос бекет 2020 жылы нақты қолданысқа берілмек.

Бұл орында жұмыстар қыз-қыз қайнап жатыр. Құрылысшылар күн құрғатпай білек сыбана еңбек етуде. Қазір қос бекеттің арасын жалғайтын жер асты жолы қазылып, қажетті темір-терсек төселген.   

«Қазіргі уақытта 650 адам метро бекеттерінің құрылысына жұмылдырылған. Одан бөлек, жалдамалы құрылыс компаниясының 200 адамы осы орындарда жұмыс жасап жатыр»,- деді «Алматыметроқұрылысы» АҚ бас директоры, Нұрлан СЕМБИЕВ.

Әзірге Абай даңғылының бойындағы жер үйлерді сүру жұмыстары басталған жоқ. Қала билігі биылғы жылы 44 телімді өз меншігіне сатып алуды жоспарлаған. Ол үшін республикалық қазынадан 6,7 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаражат аздық еткен соң, қала бюджетінен қосымша 2,4 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. 

«Жоба жүзеге асса, күнде метромен жүретін жолаушылар саны артады. Оның үстіне, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Ауқымды құрылыстың жалпы құны 73,3 млрд теңгеге бағаланған»,- деді Алматы қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Мақсат ҚИҚЫМОВ.   

"Сарыарқа" және "Достық" стансалары 2020 жылы нақты қолданысқа берілетін болды. Құрылысы 2015 жылы басталған қос бекетті салуға қазірдің өзінде 11,4 млрд теңге жұмсалған екен. Екі стансаның арасы 3 шақырымнан асады. Метро желісі ұзарса, қосымша 80 мың жолаушыны тасымалдауға қауқарлы болады. Кейін, жер асты жолы "Қалқаман" және "Автобекет" стансаларына дейін жалғанады. Айта кетейік, қазіргі таңда Алматы қаласында 9 метро бекеті бар.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы                                  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир