|
11.07.2017 | 10:04
6942

Алматының Наурызбай ауданында емхана ашылды

Алматының Наурызбай ауданында емхана ашылды

Наурызбай ауданының тұрғындары енді жаңа емханаға қаралады. Аусымына 500 адамды қабылдауға қауқарлы заманауи емдеу мекемесі өз есігін айқара ашты. Жаңа нысан толығымен толықтай заманауи техникамен жабдықталған. Салтанатты шараға қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Наурызбай ауданында құрылысы былтыр басталған №36 емхана жоспарланған уақытына сай әрі сапалы бітті. Заман талабына сай жабдықталған аудандық емхана тұрғындардың денсаулығын жақсарта түспек. Мұндағы ақ халаттылар тәулігіне 500 адамды қабылдап, қызмет көрсетеді. Ал, заманауи құрылғылар ауру-сырқауды тез анықтайды. Басы-ауырып, балтыры сыздағандар дәрігер кезегіне үйде жатып немесе электрондық портал арқылы жазыла алады. Жаңа медициналық мекеменің сапасын шаһар басшысы аралап көрді.

«Денсаулық сақтау саласына үнемі қолдау білдіреміз. Биыл 30 пайыз қаржы артығымен жаңа құрылғылар сатып алғанға бөлінді. Сондай-ақ, медициналық нысандардың құрылысына 2 есе көп қаржы жұмсадық. Әдемі, жайлы ғимараттан бөлек, бізде сапалы қызмет көрсету басты орында болуы керек. Сондықтан, дәрігерлердің біліктілін арттыруға да қаржы бөлдік. Мұның барлығы адамдардың денсаулығын жақсартуға арналған шаралар»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Заманауи емдеу мекемесінде қазірдің өзінде білікті 14 дәрігер маман науқастарды қабылдауға дайын отыр. Ақ халаттылардың сөзінше, емхана ашылған бойда тіркеуге тұратын тұрғындардың саны 10 мыңға жетсе, жыл соңына дейін олардың қатары 30 мыңға жетпек. Медициналық мекемеде еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа шейін ем көрсетіледі.

«Соңғы модельдің флюрографиясы, рентген аппараттары бар, маммография, одан басқа лор комбайн, одан басқа стоматология, гинекология, урология кабинеттері, эндескопия кабинеттеріне құрал-жабдықтар алынған. Дәрігерлердің барлығы штат бойынша қазір қабылданып жатыр жұмысқа, одан басқа қазір өзіміздің тұрғындардың барлығы тіркеліп жатыр»,- деді Наурызбай аудандық Медициналық бірлестігінің басшысы, Манас РАМАЗАНОВ.

Наурызбайлық тұрғындар қалаға қосылғалы алғаш бой көтерген заманауи емхана өзінің көлемімен де, ерекше үлгісімен де таң қалдырады. 8 мың шаршы метр аумақты алып жатқан алып ғимарат 5 қабаттан тұрады. Бұрын Наурызбайлық тұрғындарға тек №26 және №27 емхана қызмет көрсеткен болатын. Олардың өзі тарлық етіп, тәулігіне тек 100  адам қабылдауға жарайтын. Осындай олқылықты көрген кәсіпкерлер, жаңа емхананы өз қаржыларына салып, қалаға «Туған жер» бағдарламасы аясында тарту етті. Айта кетсек, емхананы тұрғызып, жабдықтауға кәсіпкерлердің қалтасынан 1 млрд 200 млн теңге қаржы кеткен. Ал, заманауи жабдықтар жергілікті бюджеттен бөлінген 400 млн теңгеге сатып алыныпты.

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қалаға осындай сый жасауды жөн көрдік. Мекемені түгелдей өз жобамыз бойынша салып шықтық. Әр қабаттың түстік шешімін таңдадық. Емделуге келген науқастардың көңіл-күйі жақсы, әдемі жерді көргенде жақсаруы тиіс. Сондықтан, мейлінше, ыңғайлы етіп салдық»,- деді Кәсіпкер,

«Бұл бөлме ыстығы көтеріліп, әртүрлі инфекциялық ауруларға шалдыққан адамдарға арналған. Ерекшелігі сол, мұнда науқастар дәрігерге көріну үшін жалпыға ортақ есіктен емес, мұнда арнайы қарастырылған есіктен кіріп шығады»,- деді Наурызбай аудандық медициналық бірлестігінің басшысы, Борис АРТЕМЕНКО.

Бұдан бөлек, нысанда туберкулезбен ауырғандарды бөлек қабылдайтын аумақта қарастырылған. Жалпы, өз есігін айқара ашқан жаңа емханада медициналық технологияның барлығы соңғы үлгіде. Енді тұрғындар толық тексеруден өту үшін қалаға қатынамайды.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир